ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қырықбаев Темір Базарбайұлы Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі өзекті мәселелерді тұрғындармен кеңінен талқылады.
Ең алдымен, «AMANAT» партиясының Мақтаарал ауданы бойынша 2023-2027 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасы аясында құрылысы жүргізіліп жатқан Жаңажол ауылдық округіне қарасты Нұрлыжол елдімекеніндегі 200 орындық «Нұрлы жол» жалпы орта мектебінде болып, құрылысы баяу жүріп жатқан нысанның мәселелерін қарады.
Мұнан соң халық қалаулысы аудандық партия филиалының мәжіліс залында, азаматтардың арыз-өтініштері бойынша қоғамдық қабылдау өткізді.
Қоғамдық қабылдауға аудан әкімі Б.Асанов, облыстық мәслихатының депутаты Ж.Қанаев, аудан әкімінің орынбасары Н.Саттаров, аудандық мәслихат төрағасы Қ.Сәрсекбаев, «AMANAT» партиясы Мақтаарал аудандық филиалының төрағасы М.Сәрсенов, аудандық мәслихат депутаттары, дербес бөлім басшылары, тиісті сала басшылары, кенттер мен ауылдық округ әкімдері, БАҚ өкілдері және ауыл тұрғындары қатысты.
Халық қалаулысының қабылдауына келген аудан тұрғындары спорт кешенін салу, ФАП құрылысы, тік дренаждар, арық-атыздарды тазалау, қабылданып жатқан заңдар бойынша және мақта заңын қабылдау жөнінде өзекті мәселелерді көтерді.
Өз кезегінде халық қалаулысы мәселе көтерген әрбір тұрғынды мұқият тыңдап, қойылған сұрақтар бойынша тиісті сала басшыларымен талқылап, қанағаттанарлық жауаптар берді. Жергілікті жерде шешілетін мәселелерді дереу қолға алуды тапсырып, республикалық деңгейде шешілетін мәселелерді Парламент төрінде көтеретінін жеткізді.
Мәжіліс депутатының ауданға жасаған іс-спарының кезекті кездесуі аудандық мәдениет үйінде өтіп, өткен жылда атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарын баяндау және ұсыныс-тілектерді тыңдау бойынша жалғасын тапты.
Кездесуге келген 100-ден аса аудан тұрғындары мәжіліс депутатына аудан үшін өзекті болған мәселелерді көтеріп, жазбаша өтініштерін берді. Сонымен қатар, кездесу соңында ИДЖЖ-2 жобасындағы өзекті мәселелермен танысу бойынша жиын өтіп, жоба барысында туындаған мәселелер мен ұсыныстарды сала мамандарымен кеңінен талқылады.