Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды

Мақтааралда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері талқыланды

68

Мақтаарал ауданы әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті үшінші отырысы өтті.

Аудан әкімі Б.Асановтың төрағалығымен өткен жиынға құқық қорғау органдарының өкілдері, аумақтық мекемелердің басшылары, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдері және дербес бөлімдердің басшылары қатысты.

Отырыста аудан көлемінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру және инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылуы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жан-жақты қаралды.

Комиссия отырысының күн тәртібіне бірқатар өзекті мәселе енгізілді. Атап айтқанда, аудан аумағындағы ұзаққа созылған құрылыс нысандары мен инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан жұмыстар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы салаларындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары талқыланды. Сонымен қатар, Достық және Жаңажол ауылдық округтері әкімдері аппараттарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылған жұмыстардың нәтижелері қаралды.

Жиын барысында аудан әкімі Б.Асанов мемлекеттік қызмет жүйесінде адалдық пен ашықтық қағидаттарын берік ұстанудың маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, азаматтардың өтініштерін уақытылы әрі сапалы қарау – мемлекеттік аппарат жұмысының негізгі басымдықтарының бірі. Сондай-ақ, аудан басшысы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек бақылау және жауапкершілік шараларымен шектелмеуі керектігін атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастырумен қатар жүргізілуі қажет.

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша жауапты бөлім басшыларына, кенттер мен ауылдық округтердің әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлық көріністеріне мүлдем төзбеушілік қағидатын күшейту, құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу бойынша жүйелі жұмыстарды жалғастыру, сондай-ақ қолданыстағы заңнама талаптарының қатаң сақталуын қамтамасыз ету міндеттелді. Комиссия отырысында көтерілген мәселелер бойынша белгіленген тапсырмалардың орындалуы тиісті бақылауға алынды.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.