Мақтаарал ауданында елді мекендерді абаттандыру, санитарлық тазалығын сақтау және тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Аудан әкімі Бақыт Асановтың тапсырмасына сәйкес, аудан орталығы Мырзакент кентінде көркейту және көгалдандыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр.
Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі – Мадиходжаев, Әл-Фараби және Жеңіс көшелерін қамтитын жаңа аяқжол құрылысы. Ұзындығы 650 метрді құрайтын жаяу жүргіншілер жолы тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қатынауын қамтамасыз етуге бағытталған. Әсіресе, мектеп оқушылары, қарттар мен күнделікті жаяу қатынайтын тұрғындар үшін бұл нысанның маңызы зор.
Бүгін аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков пен кент әкімі Мамыр Бейсенбаев аталған құрылыс алаңына арнайы барып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен кеңінен танысты. Қазіргі таңда қызыл сызық аумағында орналасқан 5 тұрғын үйдің қоршаулары бұзылып, аяқжолдың жиек тастарын орнату жұмыстары жүргізілуде екен.
Құрылыс сапасы мен мерзіміне ерекше назар аударған Бижан Шералыұлы жауапты сала мамандарымен бірге инфрақұрылымдық жүйелердің орналасуын зерделеп, аяқжол құрылысына кедергі келтіріп тұрған газ желілерін ауыстыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, тұрғындармен тілдесіп, жобаның маңыздылығын түсіндірді.
Кездесу барысында аудан әкімінің орынбасары ел игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарап, қоршауларын жылжытуға келісім берген тұрғындарға ризашылығын білдірді. Оның айтуынша, мұндай инфрақұрылымдық жобалар ауданның келбетін жақсартып қана қоймай, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға да оң әсерін тигізеді.
Айта кетейік, Мырзакент кентінде алдағы уақытта да абаттандыру, жол инфрақұрылымын жаңарту және көгалдандыру бағытындағы жұмыстар жалғасатын болады.













