Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда 19 500 түп көшет отырғызылды

Мақтааралда 19 500 түп көшет отырғызылды

157

Бүгін Мақтаарал ауданында Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында кезекті жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды.

Табиғатты қорғау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және аудан аумағын көгалдандыруды мақсат еткен игі шараға аудан тұрғындары, мекеме қызметкерлері, жастар мен еріктілер және түрлі сала өкілдері белсенді қатысты.

Сенбілік барысында қатысушылар белгіленген аумақтар мен арнайы әзірленген сызба-жоспарға сәйкес, жаппай ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде табиғат жанашырларының ортақ еңбегінің арқасында аудан аумағына 19 500 түп қара ағаш көшеті егілді. Жалпы экологиялық шараға 1500-ге жуық адам қатысып, туған жердің көркеюіне өз үлестерін қосты.

Ағаш отырғызу жұмыстары сенбіліктің басты бағыттарының бірі болғанымен, тазалық шаралары мұнымен шектелген жоқ. Қатысушылар көшет отырғызылған аумақтар мен арық-атыздарды тазалап, су арналарының бойындағы қоқыстарды жинады. Сонымен қатар, жаңадан егілген көшеттердің дұрыс жерсініп, уақытылы суарылуын қамтамасыз ету мақсатында ағын судың жүру жолдары ашылып, арықтардың су өткізу мүмкіндігі ретке келтірілді.

Бұл жұмыстар отырғызылған көшеттердің күтімін қамтамасыз етіп, олардың өсіп-өнуіне қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Өйткені, қоршаған ортаны көгалдандыру тек ағаш отырғызумен шектелмей, оны күтіп-баптау мен ұзақ мерзімді сақтауды да талап етеді.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданында ұйымдастырылған бүгінгі сенбілік тұрғындардың туған жерге деген жанашырлығы мен экологиялық жауапкершілігінің айқын көрінісіне айналды. Бірлесе атқарылған ауқымды жұмыстың нәтижесінде аудан аумағының жасыл желегі көбейіп, елді мекендердің көркін арттыруға тағы бір қадам жасалды.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.
↑