15 қараша – Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күніне орай Мақтаарал ауданында мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері арасында кіші футболдан тартысты жарыс ұйымдастырылды.
Спорттық шараның басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық спортты дамыту, әріптестер арасындағы ынтымақтастық пен командалық ауызбіршілікті нығайту, сондай-ақ Ұлттық валюта күні мерекесін ерекше форматта атап өту.
Аудан көлеміндегі мемлекеттік мекемелердің басын қосқан жарысқа 10-ға жуық команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Доп додасында командалар жоғары дайындықтарын, шеберліктері мен жеңіске деген жігерлерін көрсетті. Ойын барысында қатысушылардың жылдамдығы, тактикалық сауаттылығы мен командалық үйлесімділігі сынға түсіп, көрермендерге тартысты әрі қызықты кездесулер сыйлады.
Додада топ жарып Мақтаарал ауданы әкімі аппараты ІІІ орынды, ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен ауданның экономика және қаржы бөлімінің бірлескен командасы ІІ орынды жеңіп алды. Ал, ойында өз шеберліктерін көрсеткен Еңбекші мен Иіржар ауылдық округі әкімі аппараттарының бірлескен командасы І орынды алып, жарыстың чемпионы атанды. Сонымен қатар, «Үздік ойыншы» номинациясына ауданның экономика және қаржы бөлімінің көлік жүргізушісі Нұржан Мұқтаров, «Үздік шабуылшы» номинациясына Еңбекші ауылдық округі әкімі аппаратының маманы Нұржігіт Кулетов, «Үздік қорғаушы» номинациясына аудан әкімінің көмекшісі Нұржан Жолдасов, «Үздік қақпашы» номинациясына ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясының маманы Мұқан Налибаев лайық деп танылды.
Жарыстың марапаттау рәсіміне аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков қатысып, спорттық додаға жиналған барша қатысушыларды Ұлттық валюта күнімен шын жүректен құттықтады.
Өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары мұндай спорттық іс-шаралардың мемлекеттік мекемелер арасындағы ынтымақтастықты арттырып қана қоймай, қызметкерлердің денсаулығын нығайтуға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға және ұжымдық бірлікті бекемдеуге зор ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ, қатысушыларға белсенділіктері мен спортқа деген қызығушылықтары үшін алғыс білдіріп, алдағы уақытта да осындай игі бастамалардың жалғасын табуына тілектестігін жеткізді.
Шара соңында жеңімпаз командалар мен жекелеген номинация иегерлеріне арнайы марапаттар табысталды. Осылайша, Ұлттық валюта күніне арналған спорттық дода жоғары деңгейде өтіп, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй мен ерекше әсер сыйлады. Ең бастысы, жарыс мемлекеттік қызметшілердің тек қызмет барысында ғана емес, спорт алаңында да бірлік пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсете алатынын аңғартты.






















