23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Мақтаарал ауданында мемлекеттік қызметкерлер арасында дәстүрлі спартакиада ұйымдастырылды.
Аудан көлеміндегі мемлекеттік қызметшілердің басын қосқан спорттық шара Мырзакент кентіндегі спорт сарайында өтіп, салауатты өмір салтын насихаттау мен мемлекеттік қызметшілер арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.
Ауқымды спорттық додаға аудан әкімі аппараты, дербес бөлімдер, кент және ауылдық округ әкімдері аппараттарынан жалпы саны 50-ге жуық мемлекеттік қызметші қатысып, бес спорт түрі бойынша өзара бақ сынасты. Атап айтқанда, қатысушылар үстел теннисі, асық ату, шахмат, садақ ату және гір тасын көтеру бойынша шеберліктерін көрсетті.
Спартакиаданың салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов пен аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Атақұлов жиналғандарды кәсіби мерекемен құттықтап, жарысқа қатысушыларға сәттілік тіледі. Өз сөзінде олар мемлекеттік қызметшілердің қоғам алдындағы жауапкершілігі мен еңбегінің маңыздылығына тоқталып өтті.
«Бүгін біз мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылып отырған дәстүрлі спартакиаданың ашылу салтанатында бас қосып отырмыз. Бұл спорттық шара мемлекеттік қызметшілер арасында салауатты өмір салтын насихаттап қана қоймай, әріптестік байланысты нығайтуға, ұйымшылдық пен бірлікті арттыруға бағытталған маңызды бастама. Ел мен халықтың сенімін ақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген әрбір мемлекеттік қызметші құрметке лайық» – деді, Нұржан Жақсылықұлы.
Жарыс барысында қатысушылар жоғары белсенділік танытып, әр спорт түрі бойынша тартысты бәсекелер өтті. Спорттық сайыс мемлекеттік қызметшілердің кәсіби қызметтен тыс уақытта да белсенді өмір салтын ұстанып, дене шынықтыру мен спортқа ерекше көңіл бөлетінін көрсетті.
Күні бойы жалғасқан спартакиада қорытындысында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар анықталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кету керек, бүгінде Мақтаарал ауданында 168 мемлекеттік қызметші еңбек етеді. Олар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы маңызды міндеттерді жүзеге асырып келеді. Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған мұндай іс-шаралар олардың кәсіби ынтымақтастығын нығайтып қана қоймай, ұжымдық рухты көтеруге және салауатты өмір салтын қалыптастыруға зор ықпал етеді.

































