Маңғыстау облысы аумағындағы Каспий теңізінде әскери оқу-жаттығу кезінде орын алған қайғылы жағдай барша еліміздің қабырғасын қайыстырды.
Бұл – бірнеше отбасы немесе әулеттің ғана емес, тұтас еліміздің жүрегіне ауыр салмақ салған орны толмас қаза. Отан алдындағы азаматтық және әскери борышын абыроймен атқарып жүрген ер азаматтардың өмірден осылайша қыршын кетуі – баршамыз үшін аса ауыр қайғы.
Қаза болған жауынгерлердің әрқайсысы – ата-анасының ардақты перзенті, отбасының сүйеніші, бауырлары мен жақындарының жанашыры еді. Мұндай қасіретті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Осы ауыр сәтте қаза болған азаматтардың туған-туыстары мен жақындарына, ата-аналарына, отбасы мүшелеріне, барша қаруластары мен әріптестеріне Мақтаарал ауданының тұрғындарының атынан және өз атымнан қайғырып, көңіл айтамын.
Қайғыға ортақтасып, орны толмас қазаның ауыртпалығын бірге бөлісеміз. Қаралы отбасыларға сабыр, жүректеріне күш-қуат тілеймін.
Ел үшін қызмет еткен ерлердің есімі ел жадында мәңгі сақталады. Олардың жарқын бейнесі мен жасаған қызметі кейінгі ұрпаққа өнеге болып қала бермек.
Жаратқан Алла қаза болған жауынгерлердің иманын жолдас етсін.
Жандары жәннатта, топырақтары торқа болсын. Артында қалған туған-туыстарына Алла сабыр берсін!
Бақыт АСАНОВ,
Мақтаарал ауданының әкімі


