Мақтаарал ауданына қарасты округтердің бәрінде аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров бастаған ауыл шаруашылығы саласының мамандары ауыл шаруашылығы мәселелері бойынша семинар-кеңестер өткізді.
Диқандар мен шаруалар қатысқан іс-шарада жер жырту және пал алу жұмыстарын тездету, келесі жылы күріш дақылын екпеу, көтемгі жанар жағармайға дер кезінде өтінім тапсыру және қысқы сор шаю жұмыстарында дайындық мәселелері бойынша кеңестер берілді.
Аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Жақсылықұлы желтоқсан айынан бастап ағын су беріле бастайтынын, сондықтан жер жыртып, пал алу жұмыстарын тездесту керектігін атап өтті. Сондай-ақ, топан суды егістік жерге айдамай, ылғалдандыру технологиясы арқылы суару керектігін де жеткізді. Вегетациялық маусым кезінде орын алатын барша кедергілердің алдын алу мәселелерін жиынға қатысушылар өзара талқылады.
«Палсыз сор шаю жұмыстарын жүргізу – ағын суды ысырап қылуға алып келеді. Сондай-ақ, егістік жерді жағалай орналасқан жолдардың бұзылуына себеп болады. Сондықтан, ауданымыздың шаруаларына бұл бағытта түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр» – деді, аудан әкімінің орынбасары.
Семинар барысында мамандар жаз айларында су тапшылығы болатындығын айтып, су тапшылығының алдын алу мақсатында суды аса қажет ететін күріш дақылын егудің алдын алып жатқандарын да түсіндірді. Көктемгі жанар жағармайға дер кезінде өтінім беру керектігі айтылды.