2026 жылғы 14 сәуір күні Түркістан облысы, Мақтаарал ауданына қарасты Атакент кентінде орналасқан «Мақта және бақша тәжірибе станциясы» ЖШС-ның мәжіліс залында агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік қолдау шаралары, көктемгі дала жұмыстарының барысы және шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне арналған кең көлемде семинар-кеңес өтті.
Аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров төрағалық еткен жиында ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты түсіндіру, шаруаларға қолжетімді қаржыландыру көздерін ұсыну, мемлекеттік қолдау шараларының берілу рәсімдерін түсіндіру, су және басқа да ресурстарды тиімді пайдалану тетіктерін жеткізу, шағын және орта кәсіпкерліклі қолдау және салық саясатын түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.
Семинар-кеңеске «Ырыс» микроқаржы ұйымы ЖШС-нің Жетісай және Мақтаарал аудандары бойынша үйлестірушісі, аудандық кірістер басқармасының, «Қазсушар» РМК аудандық бөлімшесінің, «Мақта және бақша зерттеу тәжірибе станциясының» басшылары, сондай-ақ аумақтық мекемелердің жетекшілері, ауылдық округ әкімдері, шаруа қожалықтарының басшылары, кәсіпкерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Жиын барысында қатысушыларға көктемгі дала жұмыстарын сапалы әрі уақытылы жүргізу үшін қажетті несие алу мүмкіндіктері, ағын сумен қамтамасыз ету, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніне көрсетілетін мемлекеттік қолдау шараларының шарттары кеңінен түсіндірілді.
Семинар аясында бірқатар салалық баяндамалар тыңдалды. Атап айтқанда, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл өңірдегі ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлік салаларында атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Сонымен қатар, жер қатынастары бөлімінің басшысы Усер Мырзамдамов жер ресурстарын тиімді пайдалану мәселелеріне тоқталды.
Ветеринариялық қызмет бөлімінің басшысы Омархан Нурашев мал шаруашылығындағы ахуал мен ветеринариялық қауіпсіздік шаралары жөнінде ақпарат берсе, «Қазсушар» РМК аудандық бөлімшесінің басшысы Қалмырза Бейсенбаев су ресурстарын басқару және егістік алқаптарды сумен қамту мәселелерін кеңінен түсіндірді. Атап айтқанда, биыл Мақтаарал ауданының шаруаларына күріш егуге болмайтыны қатаң түрде ескертілді. Сонымен қатар, аудандық кірістер басқармасының басшысы Жомарт Піләлов жаңа салық кодексіндегі өзгерістер туралы, оның ішінде шаруалар мен кәсіпкерлердің салықтық есеп тапсыру шарттарын кеңінен түсіндірді.
Кездесу барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдіруге мүмкіндік алды. Жиын соңында сала мамандары тарапынан жеке қабылдау ұйымдастырылып, шаруаларға нақты кеңестер берілді.
Семинар-кеңесті қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Нұрбол Саттаров бүгінгі кездесудің маңыздылығын атап өтіп, агроөнеркәсіп саласын дамытуда мемлекеттік органдар мен шаруалардың өзара тығыз байланыста жұмыс істеуінің қажеттілігіне тоқталды. Сонымен қатар, алдағы уақытта да мұндай кездесулер жалғасын табатынын жеткізді.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар қатысушыларға алғыс білдіріп, өңірдің аграрлық әлеуетін арттыру жолында бірлескен жұмыстардың нәтижелі болатынына сенім білдірді.


















