Тамақтан уланудың алдын алу: Азық-түлік қауіпсіздігі ережелері және халықты сақтандыру жолдары
Ас ішу — адамның өмір сүруі үшін ең басты түпкі қажеттіліктердің бірі, ал азық-түлік қауіпсіздігі — халық денсаулығын сақтаудағы негізгі фактор. Алайда, санитариялық-гигиеналық талаптар сақталмаған немесе дұрыс сақталмаған сапасыз тағам — адам өмірі мен денсаулығына төнетін тікелей қауіпке айналуы мүмкін. Әсіресе жазғы және күйіп тұрған ыстық мезгілдерде, сондай-ақ бұзылуы тез өнімдерді пайдаланғанда асқазан-ішек инфекциялары мен тамақтан улану оқиғалары (сальмонеллез, дизентерия, ботулизм, стафилококкты токсикоинфекция) едәуір жиілейді.
Тамақтан уланудың және қауіпті асқазан-ішек ауруларының алдын алу үшін азық-түлікті сатып алудан бастап, оны дайындау мен сақтаудың әрбір кезеңінде мынадай басты қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет:
1. Азық-түлікті сатып алу кезіндегі сақтық шаралары
Сапалы өнім — денсаулықтың кепілі. Сауда орындарынан азық-түлік алғанда мына мәселелерге ерекше назар аудару шарт:
- Сату орны мен жағдайы: Азық-түлікті, әсіресе тез бұзылатын өнімдерді (сүт, ет, шұжық, балық, кондитерлік өнімдер) ресми емес, белгіленбеген стихиялық сауда орындарынан, көше бойынан сатып алмаңыз. Ондай жерлерде санитариялық бақылау болмайды және өнімдерді сақтау температурасы сақталмайды.
- Заводтық орамасы мен таңбалануы: Өнімнің орамы бүтін, жыртылмаған, зақымдалмаған болуы тиіс. Орамада өндірілген күні, жарамдылық мерзімі, құрамы және сақтау шарттары анық жазылуы керек.
- Сақтау температурасы: Тоңазытқыш немесе витрина-тоңазытқышсыз сатылып жатқан тез бұзылатын өнімдерді алудан үзілді-кесілді бас тартыңыз.
- Сыртқы келбеті мен иісі: Өнімнің түсі өзгерген, бейтаныс немесе жағымсыз иісі бар, сырты жабысқақ немесе зең басқан болса, оны тұтынуға болмайды.
2. Тағамды әзірлеу және өңдеу процесіндегі гигиена
Тағамды дайындау барысында микроорганизмдердің шикі өнімдерден дайын тамаққа түсуін (айқас контаминация) болдырмау маңызды:
- Жеке гигиена: Ас әзірлеуге кіріспес бұрын, сондай-ақ шикі ет, балық, жұмыртқаны ұстағаннан кейін қолды сабындап кемінде 20 секунд мұқият жуу қажет.
- Құралдарды бөлектеу: Шикі ет, құс еті, балық және пісірілмей желінетін дайын тағамдарды (нан, көкөністер, сыр) өңдеуге арналған пышақтар мен асханалық тақташаларды бөлек ұстап, белгілеп қойған жөн.
- Тазалау және жуу: Көкөністерді, жеміс-жидектерді, көкөніс шөптерін пайдаланар алдында ағынды таза сумен мұқият жуу қажет.
- Толық термоөңдеу: Ет, балық, құс етін және жұмыртқаны дайындау кезінде жеткілікті температурада толық пісіру немесе қуыру керек. Еттің ортаңғы бөлігі толық пісіп, қанды шырындар бөлінбеуі тиіс. Құс жұмыртқасын қолданар алдында жуып, кемінде 10–12 минут қайнатқан абзал.
3. Тағамды сақтау және микроклимат талаптары
Тағамдарды қате сақтау микроорганизмдер мен олардың токсиндерінің (уларының) тез көбейіп, таралуына жағдай жасайды:
- Температуралық режим: Тез бұзылатын дайын тағамдар мен жартылай фабрикаттарды тоңазытқышта 2 °C-тан 6 °C-қа дейінгі температурада сақтау керек.
- Уақыт шектеуі: Дайын тамақты бөлме температурасында 2 сағаттан артық қалдыруға болмайды. Егер бөлмедегі немесе даладағы температура 30 °C-тан жоғары болса, бұл уақыт 1 сағаттан аспауы тиіс.
- Көршілестік қағидасы: Тоңазытқыштың ішінде шикі өнімдерді (ет, балық) дайын тағамдардың (сорпа, салатар, сүт өнімдері) үстіне немесе қатар қоймай, төменгі сөрелерге, жабық ыдыстарға сақтау қажет.
- Қалған тамақты қайта ысыту: Түнгіге қалған дайын тамақты қайта пайдаланар алдында оны толық қайнатып немесе жоғары температурада жақсылап ысытып алған жөн.
Уланудың алғашқы белгілері және әрекет ету тәртібі
Тамақтан уланудың алғашқы белгілері тағамды тұтынғаннан кейін 1–2 сағаттан 24 сағатқа дейінгі аралықта байқалуы мүмкін. Негізгі симптоматикаға:
- Дене температурасының көтерілуі, қалтырау;
- Бас ауруы, жалпы әлсіздік;
- Асқазанның, іштің түйіліп ауруы;
- Жүрек айну, тоқтаусыз рвота және іш өту (диарея) жатады.
Алғашқы көмек: Улану белгілері байқалғанда өз бетінше емделуге, антибиотиктерді бейбастақ қабылдауға болмайды. Ағзадан токсиндерді шығару үшін көп мөлшерде кайнатылған су немесе арнайы солевой ерітінділер ішіп, дереу медициналық көмекке (емханаға немесе 103 жедел жәрдем қызметіне) жүгіну қажет.
Қарапайым гигиеналық дағдыларды, азық-түлік қауіпсіздігі ережелерін тұрақты сақтау — сізді және сіздің отбасыңызды асқазан-ішек инфекцияларынан қорғап, амандығыңызды қамтамасыз етеді.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов


