Сейсенбі, Желтоқсан 3, 2024
6 C
Мырзакент
ҮйАуыл шаруашылығыОблыс әкімінің орынбасары мақта мәселесі бойынша Мақтааралға келді

Облыс әкімінің орынбасары мақта мәселесі бойынша Мақтааралға келді

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрбек Бадырақов Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен барып, мақта терім науқанына дайындық жұмыстарымен танысты.

Ең алдымен Ертай Кенжебекұлы «Хамро ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі мен қытайлық «Peng Sheng» компаниясымен біргелікте тамшылатып суғару технологиясымен өсірілген 351 гектар мақта алқабында болып, аудандағы шаруа қожалықтардың басшыларымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында күзгі жауын-шашынға қалдырмай мақта терім науқанын сапалы ұйымдастыру, күзгі жиын-терімге берілетін мемлекеттік қолдауларды өз уақытында көрсету, мақта бағасы және басқа да мәселелер талқыланды. Облыс әкімінің орынбасары мақтадан гектарына 60-70 центнер өнім алу үшін тамшылатып суғару сияқты жаңа технологияларға көшу керектігін, ол үшін мемлекеттен субсидиялар берілетінін де жеткізді. Сондай-ақ мұндай технологиялар жыл сайын орын алатын ағын су жетіспеушілігінің де алдын алатынын еске салды.

Жалпы биыл ауданда 33,7 мың гектар алқапқа мақта егілген. Қазіргі таңда мақта дақылын дефолиациялау жұмыстары толықтай жүргізіліп, осы дақылдың жиын-терім науқаны басталды. Қазірдің өзінде аудан бойынша 632 гектар мақталық алқап теріліп, 1706 тонна өнім жиналды. Биыл мақта дақылынан алынатын болжамдық өнім көлемі 92,3 мың тоннаны құрап, жалпы орташа өнімділік гектарына 27,4 центнерден болады деп болжануда.

Мұнан соң Е.Алтаев «Cotton мақта» ЖШС-нің мақта өңдеу зауытында болып, дайындығын пысықтады. 2023 жылы ашылған зауыттың құны 3 млрд теңгені құрайды. Зауыттың жылдық қуаттылығы – 60 мың тонна, тәулігіне 600 тонна мақта талшығын өңдейді. Өндіріс орнында 50-ден астам азамат жұмыс орнымен қамтылған. Жалпы аудан аумағында 8 мақта өңдеу зауыты бар. Оларға тиесілі 33 мақта қабылдау бекеті орналасқан. Одан бөлек, Жетісай және Шардара ауданында мақтааралдық зауыттарға тиесілі 29 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеуде.

Мақта өңдеу зауыттары мақта дақылын өсіруші шаруаларға жыл басынан бері 5 млрд теңге көлемінде алдын ала фючерлік несиелер таратқан. Одан бөлек, «Ырыс» МҚҰ арқылы 114 шаруа қожалығына 503 млн теңге несие берілген. Бүгінгі таңда «ақ алтынның» бағасы әлі нақтыланбаған.

Облыс әкімінің орынбасары «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамына қарасты «Мақта және бақша ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-ында да болып, станцияның ғылыми жаңалықтарымен танысты.

Бүгінде станцияда мақтаның бәсекеге қабілетті жаңа әрі отандық 13 орта талшықты түрі, сыртқы ортаның қолайсыз факторларына төзімді, өнімділігі жоғары сорттары шығарылды. Топырақты терең қопсыту технологиясы, отандық мақта сорттарын баптаудың екі қарқынды технологиясы, мақтаны жаңбырлатып суару технологиясы, арықшалармен суару технологиясы және мақтаны тиімді суарудың гидромодульдік аудандастыру сияқты технологияларды да дәл осы ғылыми мекеме әзірлеген.

Облыс әкімінің орынбасары станцияның ғылыми жаңалықтарымен толық танысып, жұмысына оң бағасын берді. Сондай-ақ «Global Textile Turkestan» ЖШС-ның мақта қабылдау бекетінің құрылысымен танысты.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасымен өзбекстандық «Global Textile» компаниясының Мақтаарал ауданында мақта кластерін дамыту бойынша 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы бекітілген болатын. Жоспар бойынша компания Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосуды жоспарлап отыр. Жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата бояу фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылады.

Былтырдан бастап тәжірибе ретінде компания жеткізген тұқымдық шиттер егіліп, өзбекстандық арнайы агроном мамандар шаруаларға сүйемелдеу жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде аудан орталығы – Мырзакент кентінде компанияның кеңсесі ашылып, атқарушы директоры тағайындалған. Сондай-ақ компания Бірлік ауылдық округінің аумағынан 10 гектар жерге мақта қыбылдайтын бекет салу жұмыстарын бастап кетті.

Облыс әкімі орынбасарының соңғы аялдаған жері – «Мырзакент» ЖШС-на қарасты мақта өңдеу зауыты. Жалпы құны 1 миллиард теңгені құрайтын өндіріс ошағының аудандардағы мақта қабылдау пункттерінде мыңға жуық адам еңбек етеді. АҚШ-тың соңғы үлгідегі жаңа технологиясымен жабдықталған зауыттың өндірістік қуаттылығы жылына 60 мың тоннаны құрайды.

Іссапар соңында Ертай Кенжебекұлы Мақтаарал ауданы әкімі аппаратында арнайы жиын өткізіп, осы саладағы түйткілдерді талқылады.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ