Құрметті мемлекеттік қызметшілер!
Қадірменді полиция қызметкерлері!
Осы салалардың ардақты ардагерлері!
Баршаңызды 23 маусым – Мемлекеттік қызметшілер күні және Полиция қызметкерлері күні мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл күн – ел игілігі жолында аянбай еңбек етіп жүрген мемлекеттік қызметшілер мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, заң мен тәртіптің сақталуына қызмет етіп жүрген полиция қызметкерлерінің кәсіби мерекесі. Сондықтан да, бұл мерекелердің қоғамымыз үшін маңызы ерекше.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әрдайым халыққа адал қызмет ететін, кәсіби білікті әрі жауапты мемлекеттік аппарат қалыптастырудың маңыздылығын атап келеді. Бүгінде мемлекеттік қызмет – ел дамуының негізгі тіректерінің бірі. Мемлекеттік қызметші – халық пен биліктің арасындағы алтын көпір, елдің әлеуметтік-экономикалық өркендеуіне үлес қосатын маңызды тұлға.
Мақтаарал ауданында мемлекеттік қызметшілер ауданның өркендеуі жолында ауқымды жұмыстар атқарып келеді. Ауылдардың инфрақұрылымын дамыту, халықтың әл-ауқатын жақсарту, кәсіпкерлікті қолдау, әлеуметтік нысандар салу, тұрғындардың өтініштері мен мәселелерін шешу бағытындағы жүйелі жұмыстар – мемлекеттік қызметшілердің күнделікті еңбегінің нәтижесі.
Мемлекеттік қызмет саласында еңбек ету – үлкен жауапкершілік пен жоғары кәсібилікті талап етеді. Әрбір мемлекеттік қызметші өз жұмысына адалдық танытып, халық сенімін ақтау жолында аянбай еңбек етуі қажет. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен жауапкершіліктеріңіздің арқасында елімізде тұрақтылық пен даму қамтамасыз етіліп келеді.
Бүгінгі тағы бір мереке – құқық қорғау саласының қызметкерлеріне көрсетілер зор құрметтің күні. Полиция қызметкерлері тәулік бойы қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп, азаматтардың қауіпсіздігін сақтап, заңдылықтың үстем болуына қызмет етеді.
Полиция қызметі – батылдықты, төзімділікті, кәсіби дайындықты және Отанға деген адалдықты талап ететін абыройлы мамандық. Қоғам тыныштығы мен азаматтардың қауіпсіздігі жолында атқарып жүрген еңбектеріңіз қашанда құрметке лайық.
Мақтаарал аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері аудан тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізіп келеді. Ел тыныштығы мен халықтың амандығы үшін атқарып жүрген қажырлы еңбектеріңізге аудан тұрғындары атынан шынайы алғысымды білдіремін.
Қадірлі мемлекеттік қызметшілер мен полиция қызметкерлері!
Сіздердің күнделікті адал еңбектеріңіз, кәсіби жауапкершіліктеріңіз бен елге деген жанашырлықтарыңыз мемлекетіміздің дамуына, қоғамдағы тұрақтылық пен бірліктің нығаюына үлкен үлес қосып келеді.
Осы айтулы мереке күні баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, қызметтеріңізге табыс, еңбектеріңізге толағай жетістіктер тілеймін.
Еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы игі бастамаларыңыз жемісті болсын!
Тәуелсіз Қазақстанымыздың мерейі үстем, мәртебесі биік болсын!
Мерекелеріңіз құтты болсын!
Ізгі ниетпен,
Мақтаарал ауданының әкімі
Асанов Бақыт Насырханұлы


