Ұлы Жеңістің 80 жылдық мерейтойы елімізде кең көлемде атап өтілуде. Осыған орай, Мақтаарал ауданы әкімдігінің қолдауымен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жанындағы “Замандастар” ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен ауданымыздың ардагерлері Түркістан қаласына арнайы мәдени-танымдық саяхат жасады.
Аталған саяхатқа қоғамдық кеңестің, ардагерлер кеңесінің және әжелер алқасының белсенді мүшелері, тыл және еңбек ардагерлері қатысты. Аудан әкімі Бақыт Асановтың өзі ардагерлерге сәттілік тілеп, Мақтааралдан шығарып салды. Шараның басты мақсаты – ардагерлердің рухани тынығуын қамтамасыз ету, олардың еңбегіне құрмет көрсету, сондай-ақ жастарға патриоттық тәрбие беру бағытында үлгі ету.
Ардагерлер сапары ең алдымен Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесінен басталды. Мұнан соң тарихи және рухани орталық саналатын Түркістан қаласында Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, ұлы бабамыздың рухына тағзым етіп, қазақтың тәуелсіздігі жолында құрбан болған барша батырларымыз бен жауынгерлерімізге арнап құран бағыштады. Сонымен қатар, ардагерлер «Керуен Сарай» туристик кешенінде болып, көне Жібек жолының атмосферасы сезінді. Кешенде ұлттық қолөнер бұйымдары, заманауи музейлер мен қазақи стильде безендірілген қонақүйлер көптеп кездеседі. Мұның бәрі біздің мәдени мұрамызды заманауи үлгіде жаңғырып жатқанын көрсетеді.
Ардагерлермен бірге барған ұйымдастырушылар тарапынан арнайы экскурсиялық бағдарламалар ұйымдастырылып, әрбір тарихи нысан бойынша кәсіби экскурсия жүргізілді. Бұл сапар қатысушылар үшін терең әсер қалдырды. Кейбір ардагерлер Түркістанға алғаш рет барып отырғанын айтып, ризашылықтарын білдірді.
«Түркістан тек өткеннің куәсі ғана емес, ол – болашаққа жол сілтейтін, жастарды ұлттық рухта тәрбиелейтін мекен. Қаланың жаңарған келбеті мен инфрақұрылымының дамуы – еліміздің рухани жаңғыру жолындағы нақты қадамдарының көрінісі. Сапар соңында біз туған еліміздің тарихына деген құрметіміз бен мақтанышымыз одан сайын артты. Түркістанға саяхат – жүректі тазартатын, ойды байытатын, рухты биіктететін ерекше әсерлі сапар болды. Бұл қала – әрбір қазақ баласы көруі тиіс киелі мекен. Мақтааралға барған соң немерелерімізге киелі қаланың кереметтері жайлы айтып жүретін боламыз» – деді, ардагерлер.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданының тұрғындары үшін бұл іс-шара — ардагерлерге деген құрмет пен қамқорлықтың нақты көрінісі. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы – бұл тек тарихты еске алу емес, ол – бүгінгі ұрпақтың елге, ерлікке, бірлікке деген шынайы құрметін білдірудің белгісі.









