Жұма, Қыркүйек 20, 2024
17.9 C
Мырзакент
ҮйӘлеуметКонституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты

Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты

Құрметті мақтааралдықтар!

Қадірменді жерлестер!!!

Кез келген мемлекеттің, елдің тәуелсіздігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын негізгі құжат – Конституция екені даусыз. Онда мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсаттары, міндеттері, құқықтары көрсетіледі.

1995 жылдың 30 тамызы ҚР-ның Конституциясы қабылданып, ел тарихында алтын әріппен жазылған күнді бүгін 29-ші рет мерекелеудеміз.

Конституциямызда Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi ретінде қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу белгіленді.

Конституция қабылдау арқылы Қазақстан жаңа дәуірге қадам басты. Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырды. Ал, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары деп айқындалды.

2022 жылдың 5-маусымында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде бүкілхалықтық референдум өтіп, ата заңымыз Конституцияның 3-тен бір бөлігіне өзгерістер енді. Осылайша халқымыз Жаңа Қазақстанды құруға қадам басты.

Жаңа Конституцияда Елбасының барлық мәртебесін алып тастау, Президенттің өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде саяси партияға кірмеуі, Конституциялық сот, Жоғарғы сот және өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, Жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелеріне партия мүшесі болуға тыйым салу, Президенттің жақын туыстарына мемлекеттік және квазимемлекеттік секторда басшылық қызмет атқаруға шектеу қою, сенаттағы президент квотасын 10 депутатқа дейін азайту, мәжіліс депутаттарын 98-ге дейін қысқарту, төменгі палатаны пропорционалды және мажоритарлы жүйемен сайлау, депутатты кері қайтару жүйесін енгізу, Конституциялық сот құру, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетін Жоғары аудиторлық палата етіп өзгерту, өлім жазасын толығымен жою, адам құқықтары жөніндегі уәкілге иммунитет беру мәселелеріне өзгерістер енді.

Ендеше, халық өзі қабылдаған заңын құрметтеп, қастерлеуі керек. Заң жақсы жұмыс істеу үшін, оны бұлжытпай орындау күнделікті дағдыға, әдетке айналуы керек. Негізгі Заңға құрметпен, құнттылықпен қарау – біздің ортақ парызымыз.

Өркендеп дамуымыздың басты құжатына айналған, бүкіл халық болып қабылдаған Ата Заңды құрметтеу – біздің негізгі міндетіміз. Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің негізгі заңының асқақ рухы мен маңызын, Конституцияны қалыптастыру тарихын жақсы білуі керек.

Конституцияны құрметтеу және сақтау арқылы және оның тарихы мен маңызын білуімізбен ғана біз өз елімізді, Отанымызды, тарихымызды, құндылықтарымызды құрметтейміз және еліміздің дамуына, қоғамдық келісімге, бейбітшілік пен тыныштыққа қол жеткізе аламыз. Міне, 30 тамыз – Конституция күнін мерекелеудің маңыздылығы осында.

Құрметті жерлестер!

Біздің барлық жетістіктеріміз халқымызды ұйыстырған Конституциямызыдң арқасы деп білемін. Сондықтан, Ата Заңымыздың 29 жылдық мерекесі аясында Сіздерге зор денсаулық, қажымас қайрат, бітпес бақ-дәулет тілеймін!

Еліміз, елдігіміз мәңгі өшпесін!!!

Құрметпен,

Мақтаарал ауданының әкімі

АСАНОВ БАҚЫТ НАСЫРХАНҰЛЫ

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ