Skip to content

Аудан әкімі аппараттық мәжілісте нақты тапсырмалар берді

106

2026 жылғы 29 маусым күні Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында аудан әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен кезекті аппараттық мәжіліс өтті.

Жиынға аудан әкімінің аппараты, дербес бөлімдердің басшылары, кенттер мен ауылдық округ әкімдері, сондай-ақ аумақтық мекемелердің жетекшілері қатысты.

Күн тәртібінде ауданның санитарлық тазалығы, жол инфрақұрылымының жай-күйі, инвестиция тарту және жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы өзекті мәселелер қаралды.

Алғашқы мәселе бойынша аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясындағы жұмыстардың орындалу барысы талқыланды.

Аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков елді мекендердің тазалығы мен абаттандырылуы, көгалдандыру жұмыстары, көшелерді күл-қоқыстан тазарту, ирригациялық жүйелер мен арық-атыздарды ретке келтіру, қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсарту бағытында атқарылған жұмыстар мен орын алып жатқан кемшіліктерге жан-жақты тоқталды. Сонымен қатар, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстарын жедел қабылдау мақсатында іске қосылған Telegram-боттың тұрақты жұмыс істеуі, тұрғындардан келіп түскен өтініштердің уақытылы қаралуы және нақты нәтижеге қол жеткізу мәселелері сөз болды.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаевтың Мақтаарал ауданына жасаған іссапары барысында көтерілген мәселелерге арналды. Атап айтқанда, республикалық және облыстық маңызы бар автомобиль жолдары бойында орналасқан ғимараттардың сыртқы қасбетін реттеу, билбордтардың талапқа сай орналастырылуы, қараусыз жатқан бетонды құрылымдар мен құрылыс материалдарын ретке келтіру, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіруі мүмкін нысандарды жою мәселелері кеңінен талқыланды.

Жауапты мекемелерге анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою, жол бойындағы инфрақұрылым нысандарын заң талаптарына сәйкестендіру және қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету жөнінде нақты міндеттер жүктелді.

Мәжілісте аудан экономикасын дамытуға бағытталған маңызды мәселелердің бірі – инвестициялық жобаларды іске асыру және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселесі де кеңінен қаралды.

Ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Баязит Әлімқұл аудан аумағында өнеркәсіп саласын дамыту, жаңа өндіріс орындарын, фабрикалар мен зауыттарды ашу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Сонымен қатар, ауданға отандық және шетелдік инвесторларды тарту, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жобаларды іске асыру барысында туындайтын мәселелерді дер кезінде шешу бағытындағы жұмыстардың барысы талқыланды. Бұдан бөлек, «TURKISTAN» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» КММ-нің Мақтаарал аудандық бөлімінің басшысы Мадина Ергешова кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының 6 айда атқарған жұмыстары туралы есеп берді.

Жиын барысында аудан басшысы инвестициялық жобалардың тиімді жүзеге асырылуы халықты тұрақты жұмыспен қамтуға, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына және тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға тікелей әсер ететінін атап өтті.

Жиын қорытындысында Бақыт Асанов барлық жауапты бөлімдер мен ауылдық округ әкімдеріне күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жұмыстарды жүйелі түрде жүргізуді, берілген тапсырмалардың сапалы әрі уақытылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ, санитарлық тазалықты сақтау, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құрылыс және жөндеу жұмыстарын бақылау, инвестиция тарту мен жаңа жұмыс орындарын құру бағытындағы жұмыстарды күшейтіп, орындалу барысын тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті. Аппараттық мәжілісте көтерілген барлық мәселелер өзінің жеке бақылауына болатынын кесіп айтты.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.