Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың төрағалығымен өткен кезекті аппараттық мәжілісте жаңа оқу жылына дайындық барысы, ҚР Құрылтай депутаттарының сайлауын жоғары деңгейде ұйымдастыру, «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалуы және өндірістік парктердің жұмысын жандандыру мәселелері жан-жақты қаралды.
Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары аудан әкімдігінің тұрақты бақылауында. Аудандық білім бөлімінің басшысы міндетін атқарушы А.Қошқаровтың мәліметінше, аудандағы 61 білім беру ұйымында жаңа оқу жылында 29 910 оқушы білім алатын болады. Сонымен қатар, 2 804 баланы 1-сыныпқа қабылдау жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта OQU ұлттық білім беру платформасы арқылы 2 709 өтініш келіп түскен.
Білім беру саласында әлеуметтік қолдау шаралары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. «Мектепке жол» акциясы және жалпыға бірдей міндетті білім беру қоры аясында 3 204 оқушыға 50 851 теңгеден қаржылай көмек көрсету жоспарланған. Бүгінде 2 мың баланың ата-анасының есепшотына тиісті қаражат аударылған.
Жаңа оқу жылында аудан бойынша 11 592 оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады. Оның ішінде 1-4 сынып оқушылары толықтай тегін тамақтанатын болады. Сонымен бірге оқушы саны 700-ден асатын 29 мектепте «Е-Асхана» жүйесі енгізілген. Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне де ерекше көңіл бөлініп, мектептер мен балабақшалар 100 пайыз бейнебақылау жүйесімен, дабыл түймелерімен қамтамасыз етіліп, жедел басқару орталығына қосылған. Сонымен қатар, күрделі және ағымдағы жөндеуден өтіп жатқан мектептерді 20 тамызға дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Аппараттық мәжілісте 23 тамыз күні өтетін Құрылтай депутаттарының сайлауына ауданның дайындық барысы да пысықталды. Аудан әкімінің орынбасары С.Тұрсынқұловтың мәліметінше, сайлау науқаны аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Аудан аумағында 72 билборд пен баннер орнатылып, әлеуметтік желілерде 2 800-ден астам ақпараттық пост пен бейнеролик жарияланған. Тұрғындар арасында 5 мыңға жуық брендбук таратылған.
Сайлау процесінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында 590 қоғамдық байқаушының тізімі жасақталып, олар арнайы оқыту семинарларынан өткізілген. Сайлау күні аудан көлемінде 24 мәдени және спорттық іс-шара өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, алғаш рет дауыс беретін және ең егде жастағы сайлаушыларға ынталандыру сыйлықтарын табыстау көзделген.
Мәжілісте ауданның кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы салаларындағы жұмыстар да кеңінен талқыланды. 2026 жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жалпы құны 255,6 млн теңгені құрайтын 21 жоба қаржыландырылған. Оның ішінде 3 кооператив бар. Қазіргі уақытта бірнеше ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің несиелік өтінімдері қаралуда.
Бағдарламаның негізгі мақсаты — ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, жаңа жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту. Осыған байланысты аудан бойынша тұрғындардың өз кәсібін бастауына және өндіріс көлемін арттыруына бағытталған жобаларды қолдау жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында өндірістік парктердің жұмысы талқыланды. Ауданда әрқайсысының аумағы 450 шаршы метр болатын 5 өндірістік ғимараттың құрылысы толық аяқталған. Нысандарға газ, су, электр энергиясы және кәріз жүйелері секілді барлық қажетті инженерлік инфрақұрылым тартылған.
Аталған өндірістік парктерде бірқатар жаңа жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, «BSS Express» ЖШС термопанель, кафель және бетон бұйымдарын өндіруді, «DIDGRAIN» АШӨК мұзқант өндірісін жолға қоюды, ал «TN AGROPLAST COMPANY» ӨК пластик өнімдерін терең өңдеуді жоспарлауда. Бұл жобалар жергілікті өндіріс көлемін ұлғайтып қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға және аудан экономикасының дамуына серпін береді.
Жиын соңында аудан әкімі Бақыт Асанов жауапты бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар берді. Атап айтқанда, жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын белгіленген мерзімде әрі сапалы аяқтау, білім беру нысандарындағы қауіпсіздік талаптарының сақталуын қамтамасыз ету, Құрылтай депутаттарының сайлауын жоғары деңгейде ұйымдастыру тапсырылды. Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясындағы жобаларды тиімді жүзеге асыру, өндірістік парктерде жоспарланған кәсіпкерлік жобаларды іске қосу жұмыстарын жеделдету жөнінде жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.














