Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға бағытталған жаңа бастамаларды таныстырды

Мақтааралда әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметтің сапасын арттыруға бағытталған жаңа бастамаларды таныстырды

69

2026 жылғы 16 наурыз күні Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының кіші мәжіліс залында аудан әкімі аппараты қызметкерлерінің қатысуымен дөңгелек үстел форматында жиын өтті.

Іс-шараға аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкілі Нұржан Жақсылықұлы Атақұлов қатысып, 2026 жылға арналған жұмыс жоспары аясындағы негізгі бағыттар мен алдағы міндеттер туралы кеңінен баяндады.

Жиын барысында Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызмет саласындағы тәртіп пен жауапкершіліктің маңыздылығына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, мемлекеттік қызмет, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері әрдайым өзекті болып қала береді. Осы бағытта қабылданған заңнамалық талаптарды қатаң сақтау мемлекеттік қызметтің сапасын арттырып, қоғамның мемлекеттік органдарға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.

Нұржан Жақсылықұлы өз сөзінде 2026 жылға арналған жұмыс жоспарының негізгі бағыттарына тоқталып, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебін сақтау, заң талаптарын орындау және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы жұмыстардың жүйелі түрде жүргізілетінін атап өтті. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілердің құқықтық жағдайы, қызметтік тәртіпті сақтау, мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебі, олардың және отбасы мүшелерінің әлеуметтік кепілдіктері туралы мәселелерге де назар аударылды.

Тұрғындар тарапынан келіп түсетін арыз-шағымдарға уақытылы, сапалы әрі заң талаптарына сәйкес жауап беру қажеттілігі де атап өтілді. Әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызметшілерге азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуде ашықтық, жауапкершілік және кәсібилік қағидаттарын ұстанудың маңыздылығын жеткізді.

Жиын барысында кадрлық мәселелер де көтеріліп, мемлекеттік қызметшілердің өз қызметін заң аясында, адал әрі сапалы атқаруы басты талап екендігі ескертілді. Бұл бағытта барлық құрылымдық бөлімшелердің бірлесе жұмыс атқаруы қажеттігі айтылды.

Іс-шара соңында қатысушылар тарапынан 2026 жылы енгізілген өзгерістер мен жаңашылдықтарға қатысты сұрақтар қойылып, Әдеп жөніндегі уәкіл тарапынан жан-жақты жауаптар берілді. Жиын қорытындысында мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру және қызметтік әдеп қағидаттарын сақтау бағытында бірлескен жұмыстарды жалғастыру қажеттігі атап өтілді.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.