Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының үлкен мәжіліс залында кенттер мен ауылдық округ әкімдіктерінен, сондай-ақ дербес бөлімдерден шақырылған мемлекеттік қызметшілердің қатысуымен ауқымды жиын өтті.
Жиын барысында мемлекеттік қызмет саласындағы өзекті мәселелер қаралып, мемлекеттік қызметшілердің әдебі мен халықпен жұмыс сапасын арттыру, арыз-шағымдар мен өтініштерге уақытылы әрі сапалы жауап беру міндеттері пысықталды.
Кездесу аудан әкімі аппаратының басшысы, Әдеп жөніндегі уәкіл Нұржан Атақұловтың төрағалығымен өтті. Ол жиынды ашып, мемлекеттік қызметшілердің кәсіби әдебі мен қоғам алдындағы жауапкершілігіне ерекше тоқталды. Өз сөзінде мемлекеттік қызметтің басты қағидаттарының бірі – халыққа сапалы әрі ашық қызмет көрсету екенін атап өтті.
Жиында мемлекеттік қызметшілердің жұмыс режимін сақтау, іскерлік киім үлгісін ұстану, тұрғындармен қарым-қатынас кезінде сыпайылық таныту және жалпы Әдеп кодексінің талаптарын қатаң сақтау мәселелері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, Нұржан Жақсылықұлы қазіргі қоғамда белең алып отырған лудомания мәселесіне де тоқталып, мемлекеттік қызметшілерді құмар ойындардан сақ болуға шақырды. Бұл індеттің адам өміріне, отбасылық жағдайына және қызметтік беделіне кері әсер ететінін ескертіп, әрбір маман өз жауапкершілігін терең сезінуі керектігін айтты.
Мұнан соң аудан әкімі аппаратының жалпы, әкімшілік және мемлекеттік құпияларды сақтау бөлімінің бас инспекторы Нұрбол Боранбаев баяндама жасап, 2025 жылдың бірінші тоқсаны бойынша арыз-шағымдармен жұмыс барысында жіберілген кемшіліктерге талдау жүргізді. Ол азаматтардың өтініштерін қарау кезінде орын алған мерзім бұзушылықтары мен рәсімдеу қателіктерін нақты мысалдар арқылы түсіндіріп өтті.
Аппарат басшысы қателіктерге жол берген жауапты мамандардан жеке-жеке түсініктеме алып, алдағы уақытта мұндай олқылықтарды болдырмау қажеттігін қатаң ескертті. Сонымен қатар, әрбір өтінішке жауапкершілікпен қарап, тұрғындардың сеніміне селкеу түсірмеу керектігі айтылды.
Жиынның үшінші мәселесі ретінде «109» бірыңғай байланыс орталығының жұмыс сапасы қаралды. Бұл бағытта аудан әкімі аппаратының ақпараттандыру және мемлекеттік қызмет көрсету мониторингі бөлімінің бас инспекторы, аудан әкімінің баспасөз хатшысы Дінмұхамед Аязбеков баяндама жасады.
Баяндамашы жыл басынан бері «109» бірыңғай байланыс орталығы арқылы келіп түскен өтініштердің ішінде 7 өтініштің қарау мерзімі кешіктірілгенін атап өтті. Ол бұл жағдайдың тұрғындардың мемлекеттік органдарға деген сеніміне кері әсер ететінін айтып, жауапты мамандарға тәртіп пен бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ, алдағы уақытта мұндай кемшіліктерге жол бермеу үшін өтініштерді уақытылы әрі сапалы орындаудың маңыздылығы айтылды.
Жиын соңында қатысушылар баяндамашыларға сұрақ қойып, мемлекеттік қызмет саласындағы тәжірибе мен өзекті мәселелер төңірегінде пікір алмасты.
Қатысушылар мұндай кездесулердің кәсіби біліктілікті арттыруда, қызметтік жауапкершілікті күшейтуде және мемлекеттік қызмет мәдениетін қалыптастыруда маңызы зор екенін атап өтті.












