Бүгін Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының басшысы Нұржан Атақұловтың төрағалығымен 2026 жылдың ІІІ тоқсанының қорытындысы бойынша азаматтардың жолданымдарын қарау және тіркеу жұмыстарының жай-күйіне арналған жиын өтті.
Жиынға аудандық дербес бөлімдердің, кенттер мен ауылдық округтердің жолданымдарды тіркеуге жауапты мамандары, сондай-ақ бөлімдерге бағынысты мекемелердің жауапты өкілдері қатысты.
Басқосуда «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы келіп түскен өтініштерді тіркеу, оларды белгіленген тәртіппен қарау және жауап беру барысында анықталған кемшіліктер мен заңнама талаптарының бұзылу фактілері кеңінен талқыланды.
Жиында Мақтаарал ауданы әкімі аппаратының әкімшілік, жалпы және мемлекеттік құпияларды қорғау бөлімінің бас инспекторы Нұрман Әбдіқадыров баяндама жасап, азаматтардың жолданымдарымен жұмыс жүргізу барысына жүргізілген талдау мен зерделеу нәтижелерін таныстырды.
Баяндамашының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында ауданда жалпы 3 707 арыз-шағым тіркелген. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,26 пайызға төмен. Талдау нәтижесінде өтініштердің басым бөлігі Атакент кентінен, сондай-ақ Ж.Нұрлыбаев пен Мақтаарал ауылдық округтерінен түскені атап өтілді. Сонымен қатар, жиын барысында жолданымдарды тіркеу мен қарау кезінде кездесетін олқылықтарға ерекше назар аударылды.
Нұрман Әбдіқадыров өтініштерді қабылдау және тіркеу тәртібін сақтау, олардың мазмұнын дұрыс айқындау, қарау мерзімдерін қатаң бақылау, өтініш иелеріне заң талаптарына сәйкес әрі нақты жауап беру мәселелеріне тоқталды.
Баяндамашы өтініштерге жауап әзірлеу барысында жіберілетін қателіктерді жеке-жеке талдап, «е-Өтініш» ақпараттық жүйесінде жұмыс жүргізу кезінде заңнама талаптарын сақтаудың маңыздылығын түсіндірді. Сондай-ақ, анықталған кемшіліктердің алдын алу және жолданымдармен жұмыс сапасын арттыру бағытында жауапты мамандардың кәсіби жауапкершілігін күшейту қажеттігі айтылды.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі аппаратының басшысы Нұржан Атақұлов азаматтардың өтініштерімен жұмыс жүргізу мемлекеттік органдар қызметінің маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Ол жолданымдарды тіркеу мен қарау кезінде заң талаптарын бұзуға, белгіленген тәртіптен ауытқуға және жауап беру барысында немқұрайлылық танытуға жол берілмейтінін қатаң ескертті.












