Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда Бекжан Әшірбаевты еске алуға арналған әдеби кеш өтті

Мақтааралда Бекжан Әшірбаевты еске алуға арналған әдеби кеш өтті

99

Мақтаарал ауданында белгілі ақын, сазгер, журналист, ғалым-ұстаз Бекжан Әшірбаевтың жарқын бейнесін ұлықтап, артында қалған мол рухани мұрасын насихаттауға арналған тағылымды әдеби кеш өтті.

Руханият пен өнер тоғысқан тағылымды шараға аудан басшылығы, зиялы қауым өкілдері, белгілі ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері, әріптестері, достары, шәкірттері мен туған-туыстары қатысып, қазақ әдебиеті мен журналистикасына өлшеусіз үлес қосқан азаматтың өмір жолы мен шығармашылығын еске алды.

Әдеби кештің ашылу салтанатында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов сөз сөйлеп, Бекжан Әшірбаевтың ел руханиятындағы орнына тоқталды.

«Бекжанның мезгілсіз дүниеден озуы – отбасы мен жақындары үшін орны толмас қайғы, туған жері үшін ауыр қаза, қазақ әдебиеті мен журналистикасы үшін үлкен жоғалту болды. Дегенмен, адамның ғұмыры жылдарымен емес, елге сіңірген еңбегімен, артында қалдырған асыл мұрасымен өлшенеді. Осы тұрғыдан алғанда, Бекжанның өмір жолы – өнегеге толы ғұмыр», – деді Бақыт Насырханұлы.

Кеш барысында Қ.Жандарбеков атындағы Жетісай драма театрының жас өнерпаздары ақынның шығармашылығы негізінде сахналық композиция ұсынды. Бүкіл қазақ жатқа айтатын «Көршінің қызы» әні өнерпаздар тарапынан шырқалды. Ал, аудандық білім бөлімінің шығармашылық орталығының дарынды оқушылары Бекжан Әшірбаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқып, ақын жырларының көркемдік қуатын көрерменге жеткізді.

Белгілі ақын, сазгер, фольклортанушы ғалым, ұстаз Асқар Дүйсенбі жүргізген тағылымды әдеби кеште ақынмен бірге қызмет атқарып, шығармашылық байланыста болған замандастары мен әріптестері, жақын достары және шәкірттері сөз алып, оның адамгершілік қасиеттері, азаматтық ұстанымы, өнерге деген адалдығы туралы жылы естеліктерімен бөлісті.

Бекжан Әшірбаевтың ұзақ жылдар еңбек еткен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Журналистика факультеті деканының жүрекжарды көңіл айтуын ақын Бауыржан Әлқожа жеткізді. Бұл – марқұмның білім ордасындағы еңбегіне, ұстаздық қызметіне және әріптестері арасындағы беделіне көрсетілген құрметтің белгісі болды.

Елге белгілі ақын-жазушылар Темірғали Көпбаев, Мұхтар Құралұлы, Ермахан Әбдіраман және Сәкен Сыбанбай ақынға арнаған жырларын оқып, оның өмірі мен шығармашылығына қатысты естеліктерін ортаға салды. Олар Бекжан Төребекұлының әдеби ортадағы өзіндік орнын, шығармашылық ізденісін және айналасына сыйлы болған азаматтық келбетін сөз етті. Сондай-ақ, ақынның дос-жолдастары Бекмұрат Анарбаев, Айдар Сейдәзім, Бөрібай Оразымбет пен Күлайна Сәрсенова да өз арнауларын оқып, жырдан шашу шашты. Жылы естеліктер мен жүректен шыққан өлеңдер кештің мазмұнын байытып, жиналған қауымға ерекше әсер сыйлады.

Қазақтың айтыс өнерінің белгілі өкілдері Бекарыс Шойбеков, Тұрар Тілеулиев және Еркебұлан Қайназаров домбырамен жыр төгіп, Мақтаарал аспанын әсем әуенге бөледі. Сөз өнері мен ұлттық музыканың үндестігі кештің рухани маңызын арттыра түсті. Әдеби кеште ақынның шығармашылық әлемі қайта жаңғырып, оның екінші өмірі басталғандай күй берді.

Кештің ерекше сәттерінің бірі – Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, эстрада жұлдызы Саят Медеуовтің өнер көрсетуі болды. Ақынның досы ретінде сахнаға шыққан әнші Бекжан Әшірбаевтың өзі шығарған әндерін және сүйіп тыңдайтын әуезді шығармаларын орындады. Сондай-ақ, ақынынның туған жеріне деген ыстық сезімін білдіретін «Мақтааралым – мақпал әнім» әні де көрерменнің қошеметіне бөленді. Әсем әндер ақын рухына арналған тағзымға айналып, көрерменнің көңілін толқытты.

Шара барысында Бекжан Әшірбаевтың тек ақын әрі сазгер ғана емес, журналистика саласында абыройлы еңбек еткен, ұстаздық жолда талай жастың қанатын қатайтқан, айналасына сыйлы болған азамат екені кеңінен айтылды. Оның әр салада қалдырған ізі – бір адамның өмір жолы арқылы тұтас бір дәуірдің рухани тынысын танытатын құнды мұра.

Жиын соңында Бекжан Әшірбаевтың анасы осындай тағылымды шараны ұйымдастырғаны үшін аудан әкімдігіне, баласының дос-жолдастарына және еске алу кешіне арнайы қатысып, құрмет көрсеткен барша азаматқа алғысын білдірді. Ана жүрегіндегі сағыныш пен перзентіне деген мақтаныш сезімі кештің әсерлі сәттерінің біріне айналды.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.
↑