Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – әділетті қоғамның негізі

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – әділетті қоғамның негізі

47

Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін ең қауіпті әлеуметтік дерттердің бірі. Ол қоғамның тұрақтылығына, халықтың билікке деген сеніміне, экономикалық өсім мен әлеуметтік әділеттілікке тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл жүргізу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.

Сыбайлас жемқорлық ең алдымен заң үстемдігі қағидатын әлсіретеді. Заң талаптары баршаға бірдей орындалуы тиіс болғанымен, жемқорлық орын алған жағдайда әділдік бұзылады, азаматтардың құқықтары тапталады. Бұл өз кезегінде қоғамда әділетсіздікке, әлеуметтік теңсіздікке және мемлекеттік институттарға деген сенімсіздікке алып келеді.

Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық экономиканың дамуына да үлкен зиян келтіреді. Мемлекеттік қаражаттың мақсатсыз жұмсалуы, қызметтер мен ресурстардың әділетсіз бөлінуі, адал кәсіпкерлердің жолының кесілуі – мұның барлығы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуын тежейді. Нәтижесінде халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы төмендеп, азаматтардың әл-ауқатына кері әсер етеді.

Осыны ескере отырып, Мақтаарал ауданында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының 2016 жылғы 19 қазандағы №12 бұйрығымен бекітілген Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің үлгілік қағидаларына сәйкес, менің 2025 жылғы 10 сәуірдегі №31 н/қ өкімім негізінде ағымдағы жылдың 21 сәуірі мен 4 маусымы аралығында аудан әкімі аппараты, дербес бөлімдер, сондай-ақ кенттер мен ауылдық округтер әкімдері аппараттарында сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізілді.

Аталған талдау барысында басқарушылық, ұйымдастырушылық және рәсімдік сипаттағы бірқатар тәуекелдер анықталды. Атап айтқанда, «Мақтаарал ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі», «Мақтаарал аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі», сондай-ақ «Мақтаарал ауданының жер қатынастары бөлімі» тарапынан сыбайлас жемқорлыққа жол беруі мүмкін факторлар айқындалды. Анықталған тәуекелдерді жою мақсатында жауапты мекемелерге нақты ұсыныс хаттар жолданып, олардың орындалуы қатаң бақылауға алынды.

Бұдан бөлек, Мақтаарал ауданы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның қызметі де тұрақты түрде жүргізілуде. 2025 жылы №4 «Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимыл» үлгілік базалық бағыты аясында комиссия әр тоқсан сайын отырыстар өткізіп, бүгінгі күнге дейін 11 өзекті мәселе қаралып, 16 хаттамалық тапсырма берілді.

Комиссия шешімдерінің орындалуы аясында ауданның дербес бөлімдері мен ауылдық округ әкімдіктерінің қызметкерлері арасында ай сайын құқықтық оқыту шаралары ұйымдастырылды. Бұл шаралардың негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыру, адалдық, ашықтық және жауапкершілік қағидаттарын қалыптастыру.

Сонымен қатар, бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдерінің атынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған авторлық мақалалар жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып келеді. Бұл – қоғамда сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Ағымдағы жылдың 30 мамырында өткізілген «Халық заңгері» акциясы да тұрғындардың құқықтық сауатын арттыруға зор үлес қосты. Акция барысында халыққа нотариустар, сот орындаушылары, полиция, әділет, көші-қон қызметкерлері және басқа да мемлекеттік органдардың өкілдері тегін құқықтық кеңестер берді. Мұндай шаралар азаматтардың өз құқықтарын білуіне және заңсыз әрекеттерге қарсы тұра алуына мүмкіндік береді.

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуда азаматтық белсенділіктің де маңызы зор. Осы мақсатта тұрғындарға қызмет алу немесе жұмысқа орналасу барысында пара талап етілген жағдайда «1424» Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің бірыңғай Call-орталығына хабарласу қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Елді мекендерде арнайы баннерлер орнатылып, Мырзакент кентіндегі LED экрандарда ақпараттық жадынамалар көрсетілуде.

Жалпы, жыл басынан бері аудан көлемінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында 45 мақала жарияланып, 14 баннер ілінді, 12 кездесу ұйымдастырылып, 4 бейнеролик түсірілді. Бұл жұмыстардың барлығы қоғамда заңға құрметпен қарау және адал еңбек ету мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.

Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықпен күрес – бір реттік науқан емес, үздіксіз әрі жүйелі жүргізілуі тиіс жұмыс. Ол үшін мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жауапкершілігімен қатар, әрбір азаматтың белсенді ұстанымы қажет. Тек бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана біз әділетті, ашық және дамыған қоғам құра аламыз.


Бақыт АСАНОВ,

Мақтаарал ауданының әкімі

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.