Сейсенбі, Қазан 15, 2024
8.8 C
Мырзакент
ҮйБасты жаңалықЕЛГЕ АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТУ – БӘРІМІЗДІҢ МІНДЕТІМІЗ!

ЕЛГЕ АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТУ – БӘРІМІЗДІҢ МІНДЕТІМІЗ!

Қазіргі таңдағы өзекті мәселелердің бірі — қоғамдағы сыбайлас жемқорлық. Осы келеңсіз құбылыстың үдеп бара жатқаны ұрпақ тәрбиесіне зиян әкелетіні бәрімізді алаңдатады. Бұл мәселеге тереңірек үңілетін болсақ, сыбайлас жемқорлық ел болашағына, ұлттық қауіпсіздікке үлкен зиянын тигізеді. Яғни, осы келеңсіз құбылыспен күресу – барша халықтың алдында тұрған ортақ мәселе екені айқын.

Халық сенім артып, жұмыс істеуіне мүмкіндік берілген басшы, әрбір мемлекеттік қызметші, жалпы әрбір адам сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресуі тиіс. Өйткені, сыбайлас жемқорлық – мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін зиянды әрекет. Заңды бұзу, халық қазынасына қол салу – арсыздық қана емес, қылмыс.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жемқорлықтың барлық түрімен ымырасыз күрес – мемлекетіміздің одан әрі дамуының басымдығы. Парақорлық, тамыр-таныстық, қоңырау шалу арқылы мәселе шешу және тағы басқа келеңсіздіктер жылдар бойы азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне селкеу түсіргенін білесіздер. Осы орайда халықтың әділдікке деген үміті азая бастады. Сондықтан менің сайлау алдында берген уәделерімнің бірі жемқорлықты түбірімен жойғанша ымырасыз күрес жүргізу болды» дей келе осы індетке қарсы күресті күшейтуді тапсырған болатын.

Қызмет өкілеттігін теріс пайдалану, билікті не қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану, пара алу, пара беру, парақорлыққа делдал болу, қызметтік жалғандық жасау, көрінеу жалған сөз жеткізу, сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету, көрінеу жалған жауап беру, сарапшының жалған қорытыңдысы немесе қате аудару, жалған жауап беруге немесе жауап беруден жалтаруға, жалған қорытынды беруге не қате аударуға сатып алу, лауазымды адамдардың сот үкімін, сот шешімін немесе өзге де сот актісін орындамау, осындай қылмыстардың барлығын сыбайлас жемқорлық байланыстырады.

Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму, нарықтық экономиканы құру, инвестициялар тарту процесін баяулататын және демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсер ететін, елдің даму болашағына айтарлықтай қауіп төндіретін құбылыс. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керектігінің маңызы зор.

Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс-қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлықпен күрес аясында тиімді, бірыңғай жалпы мемлекеттік саясат жүргізу, мемлекет пен азаматтардың өмір сүруінің барлық салаларында сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту бүгінгі күндегі басты мақсат болып табылады.

Мақтаарал ауданы әкімдігі тарапынан аудан аумағында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында біршама жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, Мақтаарал ауданы әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған. Комиссия тарапынан әр тоқсан сайын кемінде 1 рет аудан аумағында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдап, жергілікті атқарушы органдар тарапынан сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстары туралы отырыстар өткізіліп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында тапсырмалар беріледі.

Одан бөлек, аудан әкімдігі тарапынан сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған іс-шаралар жоспары бекітіліп, аудандық дербес бөлімдер, дербес бөлімдерге бағынысты мекемелерден, кенттер және ауылдық округі әкімдерінен жоспардың орындалуы туралы әр ай сайын мәліметтер жинақталады. Іс-шаралар жоспарына сәйкес, ауданның дербес бөлімдері, кенттер және ауылдық округ әкімдері әр тоқсан сайын кемінде 1 рет жергілікті БАҚ-ға авторлық мақалалар жариялап, әр жарты жылдықта 1 рет әлеуметтік желілерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан жұмыстар туралы желі қолданушыларына есеп береді. Сонымен қатар, аудан аумағындағы барлық мемлекеттік мекемелердің ғимараттарының баршаға көрінетін орындарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыратын нақыл сөздер мен кері байланыс телефондары көрсетілген жадынамалар орналастырылған.

Менің өкіміммен ағымдағы жылдың 05 сәуірінен бастап 21 мамыр аралығында аудан әкімі аппаратында, ауданның дербес бөлімдерінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдаулар жүргізілді. Ішкі талдау нәтижесінде 5 сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою мақсатында іс-шара жоспары дайындалып, жоспар негізінде тиісті жұмыстар атқарылды.

Аудан әкімі аппаратында, ауданның дербес бөлімдері мен оларға бағынысты мекемелерде, кенттер мен ауылдық округі әкімі аппаратының қызметшілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы біліктілікті арттыру мақсатында ай сайын кемінде 1 рет құқықтық оқу жиналыстары өтуде.

Мекемелердің әлеуметтік желі парақшаларында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуды дәріптейтін мақалалар тұрақты түрде жариялануда. Аудан әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілеріне ай сайын 1 рет сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағандығы үшін ұстау туралы видеороликтер көрсетіліп жатыр. Сонымен қатар, аудан әкімі аппаратына келуші азаматтардың күту орындарына сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті дәріптейтін видеороликтерді көрсету үшін арнайы LED экрандар орналастырылған. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы да тұрғындардың құқықтығын сауаттылығын арттыру, сыбайлас жемқорлыққа нөлдік төзімділікті қалыптастыру үшін жүргізілуде.

Мемлекеттік қызмет, басшылық – елдің аманатын орындауға берілген мүмкіндік және аманат. Осыған адал болып, адал қызмет ету – бәріміздің міндетіміз.

Асанов Бақыт Насырханұлы,

Мақтаарал ауданының әкімі

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ