Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда мемлекеттік қызметшілер арасында пікірсайыс турнирі өтті

Мақтааралда мемлекеттік қызметшілер арасында пікірсайыс турнирі өтті

95

Мақтаарал ауданында 2025–2027 жылдарға арналған «Адал азамат» идеалдарына сәйкес мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық қасиеттерін ілгерілету жөніндегі жол картасы аясында «Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» тақырыбында пікірсайыс турнирі өтті.

Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің кәсіби мәдениетін арттыру, халықтың мемлекеттік қызмет сапасына қанағаттанушылығын күшейту, әдеп нормаларын сақтау мәдениетін қалыптастыру және қызметшілердің мотивациялық деңгейін арттыруға ықпал ету. Сонымен қатар, пікірсайыс мемлекеттік қызметшілердің сыни ойлау, шешендік өнер, өз пікірін дәлелді жеткізу, пікірталас жүргізу және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталды.

Турнирге аудандық дербес бөлімдердің, кенттер мен ауылдық округтердің мемлекеттік қызметшілері қатысты. Пікірсайыс барысында қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылап, мемлекеттік қызметшінің сыбайлас жемқорлық фактісіне тап болған жағдайда атқаруы тиіс алғашқы әрекеттері жөнінде ой бөлісті. Сондай-ақ, шешім қабылдау жеделдігінің сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ықпалы, мемлекеттік қызметке орналасу кезінде үміткердің адалдығы, жауапкершілігі мен әдептілігі, жеке қасиеттері, кәсіби білімі мен тәжірибесінің маңызы талқыланды.

Қатысушылар өз ұстанымдарын нақты дәлелдермен қорғап, өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Пікірсайыс барысында әр команда тақырыпқа қатысты өзіндік көзқарасын білдіріп, мемлекеттік қызметшінің кәсіби біліктілігімен қатар адамгершілік және тұлғалық қасиеттерінің маңыздылығына назар аударды.

Іс-шара қорытындысында қатысушылардың пікірсайыс мәдениеті, ой ұшқырлығы, дәлел келтіру шеберлігі мен командалық жұмыс дағдылары сараланды.

Мұндай іс-шаралар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби және тұлғалық дамуына, әдеп қағидаттарын нығайтуға, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға және мемлекеттік қызметтің беделін арттыруға бағытталған.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.
↑