Skip to content
Басты бет / Әлеумет / МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

МАҚТААРАЛ АУДАНЫНДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС-ҚИМЫЛ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ

12

2026 жылғы 19 наурыз күні Мақтаарал аудан әкімдігі жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті. Жиынға аудан әкімі, комиссия төрағасы Бақыт Асанов төрағалық етті.

Комиссия отырысына аудандық полиция бөлімінің бастығы Ердәулет Амантаев, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша Мақтаарал аудандық бөлімінің басшысы Еркебұлан Сапарғалиұлы, аудандық мәслихат төрағасы Қадір Сәрсекбаев, сондай-ақ құқық қорғау органдарының өкілдері, аумақтық мекемелердің басшылары, кент және ауылдық округтердің әкімдері мен дербес бөлім басшылары қатысты.

Жиын барысында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оның тәуекелдерін төмендету бағытындағы өзекті мәселелер жан-жақты қаралды. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алу саласындағы ашықтықты қамтамасыз ету, заң талаптарының сақталуы және осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігі талқыланды. Қатысушылар мемлекеттік сатып алу рәсімдеріндегі тәуекелдерді азайту, бақылау тетіктерін күшейту және цифрлық жүйелерді тиімді пайдалану мәселелеріне ерекше назар аударды.

Сонымен қатар, ауданның мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі тарапынан атқарылған жұмыстар туралы есеп тыңдалды. Баяндама барысында мәдени және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға бөлінген бюджет қаражатының игерілуі, оның ашықтығы мен мақсатты жұмсалуы мәселелері көтерілді. Бұл бағытта қоғамдық бақылауды күшейту және есептілікті арттыру қажеттігі атап өтілді.

Күн тәртібіне сәйкес, Бірлік ауылдық округі мен Ж.Нұрлыбаев ауылдық округі әкімдері аппараттарының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында атқарған жұмыстары да сараланды. Округ әкімдері жүргізілген іс-шаралар туралы баяндап, тұрғындармен кері байланысты нығайту, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру және ашықтық қағидаттарын сақтау бағытында атқарылған жұмыстарымен бөлісті.

Отырыс барысында сала басшылары өз баяндамаларын ұсынып, туындаған мәселелерді шешу жолдары бойынша нақты ұсыныстар білдірді. Қатысушылар сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек бақылау шараларымен ғана шектелмей, жүйелі профилактикалық жұмыстарды талап ететінін атап өтті.

Жиын қорытындысында аудан әкімі Бақыт Асанов күн тәртібіндегі мәселелерге қатысты нақты тапсырмалар беріп, мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды күшейту, жауапкершілікті арттыру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жұмысты жандандыруды тапсырды. Сонымен қатар, ол барлық қатысушыларды заң үстемдігін қамтамасыз ету және қоғам сенімін арттыру жолында бірлесе жұмыс істеуге шақырды.

Мақтаарал ауданында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, бақылауда болады.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.