Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда тазалық сақтау бойынша рейдтік жұмыстар күшейтілді

Мақтааралда тазалық сақтау бойынша рейдтік жұмыстар күшейтілді

168

Мақтаарал ауданында қоршаған ортаның тазалығын сақтау, қоғамдық орындарда белгіленген тәртіпті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде.

Аталған жұмыстар «Таза Қазақстан» экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағдарламасы мен «Заң және тәртіп» қағидатын іске асыру аясында ұйымдастырылуда. Негізгі мақсат – аудан аумағында санитарлық тазалықты сақтау мәдениетін арттыру, қоғамдық орындарды ластауға жол бермеу, тұрғындар арасында жауапкершілікті күшейту және құқық бұзушылықтардың алдын алу.

Осы бағыттағы жұмыстарды тиімді ұйымдастыру мақсатында ауданда мобильді топ құрылып, оның құрамына тиісті сала мамандары мен жауапты қызметкерлер енгізілді. Мобильді топтың қатысуымен ағымдағы жылдың 10-13 шілде аралығында аудан аумағындағы саябақтарда, скверлерде, жағалау аймақтарында, демалыс орындарында, базар аумақтарында және халық көп шоғырланатын өзге де қоғамдық орындарда рейдтік іс-шаралар өткізілді.

Рейд барысында қоғамдық орындардағы санитарлық тазалықтың сақталуы, қоқысты белгіленбеген орындарға тастау фактілерінің алдын алу, абаттандыру талаптарының орындалуы, сондай-ақ тұрғындардың қоғамдық тәртіп ережелерін сақтауына бақылау жүргізілді.

Жүргізілген аралау жұмыстары нәтижесінде тазалық қағидаларын бұзудың 27 фактісі анықталды. Атап айтқанда, қоғамдық орындарда, демалыс аумақтарында, саябақтарда және базар аумақтарында анықталған құқық бұзушылықтар бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434-2-бабы негізінде 17 әкімшілік хаттама толтырылды. Сонымен қатар, аталған Кодекстің 505-бабы бойынша 10 тұлғаға қатысты әкімшілік шаралар қабылданды. Оның ішінде 7 тұлғаға ескерту жасалып, 3 тұлғаға айыппұл салынды.

Рейдтік іс-шаралар қорытындысы бойынша құқық бұзушыларға салынған әкімшілік айыппұлдардың жалпы көлемі 415 200 теңгені құрады.

Мобильді топ мүшелері рейд барысында құқық бұзушылықтарды анықтаумен ғана шектелмей, тұрғындармен профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын да жүргізді. Азаматтарға қоғамдық орындарда тазалық сақтау, тұрмыстық қалдықтарды белгіленбеген орындарға тастамау, абаттандыру талаптарын орындау, сондай-ақ қоғамдық тәртіпті бұзбау қажеттігі түсіндірілді.

Айта кетейік, мұндай шаралардың басты мақсаты – азаматтарды тек әкімшілік жауапкершілікке тарту емес, ең алдымен құқық бұзушылықтың алдын алып, тұрғындардың бойында тазалық пен қоғамдық тәртіпке деген жауапкершілікті қалыптастыру.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.