Базалық станциялар – ұялы радиобайланыс жүйесінің негізгі элементтерінің бірі. Олар әрекет ету аймағындағы ұялы телефондармен байланыста болады және сигналды қабылдау және беру режимінде жұмыс істейді. Электромагниттік сәуле – бұл базалық станцияның антенналарынан шығатын электромагниттік толқындар.
Ұялы байланыстың базалық станциясын орнату және пайдалануға беру – ұзақ және бақыланатын процесс, ол Қазақстан Республикасының заңнамалық деңгейіндегі қатаң қағидалармен реттеледі. Базалық станцияны орнатуға ЭМӨ есептеулерінің нәтижелері көрсетілген, санитариялық-қорғаныш аймағының шекаралары және құрылыс салуды шектеу аймағы көрсетілген жобалау материалдарына санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алынғаннан кейін ғана рұқсат етіледі. Санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыны санитариялық-эпидемиологиялық қызмет органдары береді. Базалық станцияларды кез келген ғимараттар мен құрылыстарға орналастыруда қойылатын негізгі талап үй-жайда да, аумақта да электрмагниттік өрістің шекті рұқсат етілген деңгейін (10 МкВт/см2 аспайтын) қамтамасыз ету болып табылады.
ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 28 ақпандағы «Радиотехникалық объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларын бекіту туралы №ҚР ДСМ-19 бұйрығына сәйкес, базалық станция антенналары кез келген үлгідегі қолданыстағы құрылыстарға және арнайы салынатын діңгектерге орналастырылады. Жоғары сапалы ұялы байланысты қамтамасыз ету үшін базалық станциялардың антенналарынан таралатын негізгі электромагниттік энергия бір сәуледе жиналып, жақын маңдағы үйлермен қиылыспайтын етіп жіберіледі. Электромагниттік энергияны ұялы байланыстың барлық базалық станциясы емес, тек оның антенналары ғана шығарады және олар тәулігіне 24 сағат тұрақты қуат шығармайды. Базалық станциялардың қуаты осы базалық станцияның әрекет ету аймағында бір уақытта сөйлесетін немесе мобильді интернетті пайдаланатын адамдарға байланысты. Сондықтан түнде электромагниттік сәуле деңгейі нөлге тең болады.
Егер ұялы байланыстың базалық станциялары халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы мемлекеттік органдармен берілген санитариялық-эпидемиологиялық қорытындыға сәйкес орнатылса, сондай-ақ пайдалану кезінде санитариялық қағидалардың талаптары сақталса, онда антенналардан таралатын электромагниттік сәуле халық денсаулығы үшін қауіпті болып табылмайды.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Искаков