Skip to content
Басты бет / СЭС / Сынаппен улану

Сынаппен улану

18

Сынап — күміс түсті, бөлме температурасында сұйық күйде болатын өте улы металл. Ол термометрлерде, люминесцентті шамдарда және өнеркәсіптік құралдарда қолданылады.

Сынаптың улы булары тыныс алу, теріге тию немесе ластанған тағам арқылы адам ағзасына енеді. Әсіресе сынап буы жүйке жүйесіне, тыныс алу мүшелеріне және бүйрекке зиян келтіреді. Ұзақ уақыт әсер еткен жағдайда созылмалы улану пайда болып, есте сақтау қабілеті төмендеп, ашуланшақтық, қол-аяқтың дірілі және әлсіздік байқалуы мүмкін. Жүкті әйелдер мен балалар үшін сынап ерекше қауіпті.

Сынаппен улану кезінде бас ауруы, жүрек айну, тәбеттің төмендеуі, ауызда металл дәмінің сезілуі, жөтел, тыныс алудың қиындауы, ұйқысыздық және тез шаршау сияқты белгілер байқалады. Мұндай жағдайда дереу дәрігерге қаралу қажет.

Егер сынап төгілсе, бөлмені желдетіп, балалар мен жүкті әйелдерді сыртқа шығару керек. Қолғап киіп, сынап тамшыларын қағаз, картон немесе жабысқақ таспа (скотч) көмегімен жинаған дұрыс. Шаңсорғыш, сыпырғыш немесе дымқыл шүберек қолдануға болмайды, себебі олар сынапты ауаға таратады. Жиналған тығыз жабылатын шыны ыдысқа салып, «Улы зат» деп белгілеу қажет.

Сынапты кәріз жүйесіне төгуге, жерге көмуге немесе өртеуге болмайды. Қауіпсіздік мақсатында сынапты құралдарды балалардың қолы жетпейтін жерде сақтау, мүмкіндігінше электронды термометр қолдану және сынап қалдықтарын залалсыздандыруға лицензиясы бар арнайы ұйымдарға өткізу қажет. Сынап — адам денсаулығы мен қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіретін улы зат. Сондықтан, онымен жұмыс істеу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау өте маңызды.


Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Искаков

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.