Skip to content
Басты бет / СЭС / Нитраттардың адам ағзасына әсері

Нитраттардың адам ағзасына әсері

26

Күн жылына бастап базарлар мен дүкен сөрелері, ерте пісетін жеміс-жидектер мен бақша өнімдерімен толыға түседі. Тұтынушылардың басым көпшілігі ерте бақша өнімдеріндегі нитрат мөлшеріне аса мән бермейтіні және қаншалықты қауіпті екендігін ескере бермейтіні жасырын емес. Егін кәсібімен айналысушылар өнімді ерте әрі көп мөлшерде жинау мақсатында құрамында нитраттары бар пестицидтерді қолданады.

Нитраттар – ауыл шаруашылығында жиі қолданылатын азотты қосылыстар. Олар өсімдіктің өсуін тездеткенімен, шамадан тыс мөлшерде қолданылған жағдайда адам денсаулығына айтарлықтай зиян келтіруі мүмкін.

Ағзаға көп мөлшерде түскен нитраттар нитриттерге айналады. Нитриттер қандағы гемоглобинмен байланысып, оттегінің ағзаларға жеткізілуін тежейді. Соның нәтижесінде адамда әлсіздік, бас айналу, іш өту, жүрек айну, тыныс алудың қиындауы сияқты белгілер пайда болып, ауыр жағдайда улану қаупі туындайды. Мұндай бақша дақылдары түрлі жұқпалы ішек ауруына әкеп соқтыруы әбден мүмкін.

Талап бойынша, нитраттың көрсеткіші қауында – 90 мг/кг, қарбызда – 60 мг/кг аспауы тиіс. Ең жылдам пісетін қарбыз сұрыптарының нағыз пісетін уақыты өзі шілде айы. Сондықтан қауын,қарбыз жеудің қолайлы уақыты – шілде айының соңынан басталғаны абзал.

Бүгінде жеміс-жидек сатушылар үлкен базарларды ғана емес, көп пәтерлі тұрғын үйлердің аулаларында, мөлтек аудандарды жағалап, ісін дөңгелетуді әдетке айналдырған.

Сондай-ақ, жол шетіндегі сауда орындарынан бау бақша дақылдарын сатып алуға болмайды, өйткені оларға автокөлік газдарының құрамында болатын ауыр металдар тез жиналады.

Сол себептен, көкөніс, жеміс-жидек пен бақшалық өнімдерді сатып алу кезінде олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын, құрамындағы нитраттардың деңгейін анықтайтын ілеспе құжаттарын сұрау арқылы денсаулығыңызды қорғай аласыз.

Көк өніс, бақша дақылдарын пайдалану кезінде міндетті түрде ағынды судың астында жуу керек, қауын-қарбыздарды екі-үш сағатқа суға салып қоюғада болады.

Бүгінгі күнде, облыс аумағында нитраттармен улану жағдайлары тіркелмеген.

Алайда, Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Сіздерден бақша өнімдері мен көкөністерді сатып алу барысында жоғарыда көрсетілген талаптарды қатаң түрде сақтауды сұрайды.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.