Skip to content
Басты бет / СЭС / Ерте піскен жемістер: қауіпсіз өнімді қалай таңдау керек?

Ерте піскен жемістер: қауіпсіз өнімді қалай таңдау керек?

13

Көктем және жаз мезгілдерінің басында сауда орындары мен базарларда ерте піскен жеміс-жидектер мен көкөністер көбейеді. Бұл өнімдер адам ағзасына қажетті дәрумендер мен пайдалы заттарға бай болғанымен, олардың құрамындағы нитрат мөлшеріне ерекше назар аудару қажет. Өнімді табиғи мерзімінен бұрын өсіру барысында минералды тыңайтқыштардың шамадан тыс қолданылуы нитрат деңгейінің жоғарылауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан тұтынушылар қауіпсіз әрі сапалы өнімді дұрыс таңдауы қажет.

Нитраттар — өсімдіктердің өсуін жеделдету үшін қолданылатын азот қосылыстары. Дегенмен, олар шамадан тыс мөлшерде қолданылған жағдайда адам ағзасына түскенде улы нитриттерге айналып, қан құрамына кері әсер етеді. Соның салдарынан ағзаның оттегімен қамтамасыз етілуі төмендейді. Тыңайтқыштарды артық пайдалану нәтижесінде көкөністер мен жемістердің құрамында нитрат мөлшері көбейеді. Әсіресе жылыжайда өсірілген ерте өнімдерде бұл жағдай жиі кездеседі. Нитрат мөлшері жоғары өнімдерді шамадан тыс тұтыну адам денсаулығына кері әсерін тигізіп, әлсіздік, бас айналу, жүрек айну және асқазан-ішек жолдарының бұзылуына алып келуі мүмкін.

Қауіпсіз өнімді таңдау үшін ең алдымен жеміс-жидектер мен көкөністерді белгіленген сауда орындарынан сатып алған дұрыс. Сондай-ак, қарбыздарды жол шетіндегі сауда орындарынан сатып алуға болмайды, өйткені оларға автокөлік газдарының құрамында болатын ауыр металдар тез жиналады. Мұндай қарбыздар түрлі жұқпалы ішек ауруына әкеп соқтыру әбден мүмкін. Бүгінде жеміс-жидек сатушылар үлкен базарларды ғана емес, көп пәтер тұрғын үйлердің аулаларын да, мөлтек аудандарды жағалап, ісін дөңгелетуді әдетке айналдырған. Сол себептен жеміс-жидек пен бақшалық өнімдерді сатып алу кезінде олардың сапасы мен қауіпсіздігін растайтын, құрамындағы нитраттардың деңгейін анықтайтын ілеспе құжаттарын сұрау арқылы денсаулығыңызды қорғай аласыз. Табиғи емес өте ашық түсті, шамадан тыс ірі немесе жылтыр өнімдерден сақ болған жөн. Нитраттың шектен тыс мөлшері улануға,кей жағдайда адам өліміне де әкеліп соқтырады Өнімнің сыртқы келбетіне назар аудару маңызды.

Тұтынушыларды денсаулыққа жауапкершілікпен қарап, сапалы әрі қауіпсіз өнімдерді таңдауға шақырамыз. Дұрыс таңдалған өнім — денсаулық кепілі.


Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.