Skip to content
Басты бет / СЭС / Нитраттар мен пестицидтерден қалай қорғанамыз?

Нитраттар мен пестицидтерден қалай қорғанамыз?

19

Жаз мезгілінде көкөністер мен жеміс-жидектерді тұтыну артады. Алайда олардың құрамындағы нитраттар мен пестицидтердің шамадан тыс мөлшері адам денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты өнімдерді дұрыс таңдау және қауіпсіз тұтыну қағидаларын сақтау аса маңызды.

Нитраттар – өсімдіктердің өсуіне қажетті азот қышқылының тұздары. Дегенмен, олар шамадан тыс мөлшерде қолданылған жағдайда адам ағзасына түскенде улы нитриттерге айналып, қан құрамына кері әсер етеді. Соның салдарынан ағзаның оттегімен қамтамасыз етілуі төмендейді. Бұл әсіресе балалар, жүкті әйелдер және егде жастағы адамдар үшін қауіпті.

Қауіптің алдын алу мақсатында:

– Маусымына сай өнімдерді таңдаған жөн, ерте піскен көкөністер мен жемістерден сақ болған дұрыс;

– Жергілікті, табиғи жағдайда өсірілген өнімдерге басымдық беру қажет;

– Өлшемі қалыпты, сыртқы түрі табиғи өнімдерді таңдау ұсынылады (тым ірі, жылтыр өнімдер күмән тудыруы мүмкін);

– Көкөністер мен жеміс-жидектерді тұтынар алдында ағын сумен мұқият жуу қажет;

– Қажет болған жағдайда өнімдерді біраз уақыт таза суға салып қою ұсынылады;

– Сатып алынған өнімдерді бірден, жуылмаған күйінде тұтынуға болмайды;

– Кез келген көше бойы, жабайы сауда, рұқсат етілмеген орындарынан өнімдерді (күдікті өнімдер) сатып алмаңыз;

– Балаларға жуылмаған жеміс-жидектерді беруге жол берілмеуі тиіс.

Пестицидтер мен гербицидтер зиянкестер мен арамшөптерді жою мақсатында қолданылады. Алайда олардың қалдықтары адам ағзасына көп мөлшерде түскен жағдайда улы әсер етуі мүмкін. Мұндай заттардың артық мөлшерін сыртқы белгілер арқылы анықтау мүмкін емес, ол тек зертханалық тексеру нәтижесінде белгілі болады.

Осыған байланысты көкөністер мен жеміс-жидектерді тек арнайы базарлар мен дүкендерден, санитариялық талаптарға сәйкес келетін сауда орындарынан сатып алу ұсынылады.

Денсаулық – ең басты байлық. Өнімді таңдау кезінде сақтық танытып, қарапайым гигиеналық талаптарды сақтау – өз денсаулығыңызды қорғаудың негізгі жолы.


Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Искаков

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.