Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралда ұлы Абай Құнанбайұлының 181 жылдығына арналған тағылымды рухани шара өтті

Мақтааралда ұлы Абай Құнанбайұлының 181 жылдығына арналған тағылымды рухани шара өтті

59

Мақтаарал ауданында қазақтың ұлы ақыны, ойшыл, ағартушы, ұлттық жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлының туғанына 181 жыл толуына орай тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.

Рухани шара Достық ауылдық округіне қарасты Ж.Қалшораев ауылындағы Абай ескерткіші алдында өтіп, оған ауыл тұрғындары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ұстаздар мен мектеп оқушылары және мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.

Іс-шараның басты мақсаты – ұлы ақынның өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, жас ұрпаққа Абайдың рухани мұрасын таныту, оның тағылымды ойлары арқылы білімге, еңбекке, адамгершілікке және елжандылыққа тәрбиелеу.

Ең алдымен жиналған көпшілік қауым Абай ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Жиында сөз алған Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Серік Тұрсынқұлов Абай мұрасының қазақ халқының рухани өміріндегі айрықша орнына тоқталды.

«Абай шығармашылығы – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарын жаңа биікке көтерген асыл мұра. Ұлы ақын өз дәуірінің ғана емес, бүгінгі қоғамның да өзекті мәселелерін терең қозғап, елді білім мен ғылымға, адал еңбекке, бірлік пен ізгілікке үндеді. Оның әрбір өлеңі мен қара сөзінен адам болмысына, елдің келешегіне, ұлттың тағдырына қатысты терең ойларды аңғаруға болады» — деді, әкімнің орынбасары.

Жиын барысында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітбек Оңғаров сөз сөйлеп, ақынның өнегелі өмірі мен шығармашылық жолы туралы тағылымды ойларын ортаға салды. Ол Абайдың халқына қалдырған мол мұрасының жас ұрпақ тәрбиесіндегі маңызын атап өтіп, ақын шығармаларын оқу арқылы ұлттық сана мен рухани құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығына тоқталды.

Рухани кеште мектеп оқушылары ұлы ақынның өлеңдерін мәнерлеп оқып, Абайдың өмір жолы мен шығармашылығы, қара сөздері және философиялық ой-толғамдары жөнінде мағлұматтар ұсынды. Жас өрендердің Абай өлеңдерін жатқа оқып, ақынның тағылымды сөздерін жүрекпен жеткізуі шараның мазмұнын айшықтай түсті.

Шараның көркемдік бөлігін аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары жалғастырды. Өнерпаздар Абайдың сырлы әндерін орындап, көпшілікке ерекше рухани көңіл күй сыйлады. Ұлы ақынның әндерін әуелете шырқаған өнерпаздар оның музыкалық мұрасының да қазақ мәдениетіндегі айрықша орнын тағы бір мәрте көрсетті.

Айта кетейік, Абай Құнанбайұлының мұрасы – уақыт өткен сайын маңызы арта түсетін рухани қазына. Ұлы ақынның шығармалары ұрпақты білімге, еңбекке, әділдікке, адамгершілікке және елін сүюге тәрбиелейді. Сондықтан, Абайды ұлықтау – ұлттың рухани негіздерін дәріптеу, жас ұрпаққа өнегелі жол көрсету деген сөз.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.