25 қазан – Республика күніне орай Мақтаарал ауданы Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Өркениет елді мекенінде спорт кешені пайдалануға берілді.
Кешеннің ашылу салтанатына аудан әкімі Бақыт Асанов, зиялы қауым өкілдері, жас спортшылар және ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі спорттың адам денсаулығын нығайтуда алатын орны ерекше екенін атап өтіп, аймақта бұқаралық спортты дамыту үшін көптеген спорт нысандары ел игілігіне беріліп жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, жиналған көпшілікті Республика күні мерекесімен шын жүректен құттықтады.
Спорт кешенінде үлкен спорт залы және спортшыларға арналған жаттығу залдары бар. Мұнда волейбол, баскетбол, футзал, гандбол, күрес, бокс, дзюдо және тағы басқа спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік қарастырылып, спорттық мүкәмалдармен толық қамтамасыз етілген. Одан бөлек, ғимарат аумағында жасанды көгалмен жабдықталған футбол алаңшасы, баскетбол, волейбол алаңшалары орналасқан.
Айта кетейік, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2023 жылы құрылысы басталған нысанның конкурстық құны 600 миллион теңгені құрады. Мердігер мекеме «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС-і құрылыс жұмыстарын жүргізді.