Сенбі, Желтоқсан 14, 2024
6.3 C
Мырзакент
ҮйMAKTAARAL TVМАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ

МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жұмыс сапарымен Мақтаарал ауданына келіп, 2008-2011 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы қазақ күресінен республикалық «Ауыл барысы» турнирінің ашылу салтанатына қатысты. Сонымен қатар, жарысқа ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев және ҚР Парламенті «Ауыл» партиясы төрағасының орынбасары Жигули Дайрабаевтар елордамыз Астана қаласынан арнайы келді.

«Ауыл» партиясының Түркістан облысы бойынша өңірлік филиалының ұйымдастыруымен өтіп жатқан турнир ҚР Президентінің Жолдауын іске асыру, салауатты өмір салтын насихаттау, ұлттық қазақ күресін көтеру және жастарды спортқа тарту мақсатында өтіп жатыр.

«Бүгінде спорт және дене шынықтыруды дамыту – мемлекеттік ауқымдағы маңызды бағыт. Мықты және өмірге құштар жас ұрпақты тәрбиелеу – еліміздің әлеуметтік саясатының негізгі міндеттерінің бірі. Сондықтан, бүгінгі үлкен жарысты ұйымдастырып жатқан «Ауыл» партиясының басшылығына алғысымды білдіремін. Турнирге қатысушы барша жас балуандарымызға сәттілік тілеймін! Қазақ елінің спорт саласындағы жетістіктері мен табыстары ұлғая берсін!» – деді, Ертай Кенжебекұлы.

2 күнге созылатын жарысқа Жамбыл, Қызылорда облыстарынан, Шымкент қаласынан және Түркістан облысының қала, аудандарынан 300-ге жуық балуан өз бақтарын сынауға келіп отыр. Жарысқа қатысушылар 35, 38, 42, 46, 50, 55, +55 және +60 кг (Түйе палуан) салмақ дәрежелері бойынша күресетін болады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер демеушілер есебінен арнайы қаржылай сыйлықтар, белбеулер, медаль және дипломдармен марапатталатын болады.

Облыс әкімінің орынбасары Е.Алтаев турнирдің ашылуынан соң Мақтаарал ауданының спорттық инфрақұрылымымен танысып, нысандарды аралады. Атакент кентінде орналасқан «Алпамыс батыр» стадионы мен жақында ғана пайдалануға берілген спорт кешенімен кеңінен танысты.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2023 жылы құрылысы басталған спорт кешенінің конкурстық құны 600 миллион теңгені құрады. Мердігер мекеме «Нүрі-Л-Жетісай» ЖШС-і құрылыс жұмыстарын жүргізді.

Спорт кешенінде үлкен спорт залы және спортшыларға арналған жаттығу залдары бар. Мұнда волейбол, баскетбол, футзал, гандбол, күрес, бокс, дзюдо және тағы басқа спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндік қарастырылып, спорттық мүкәмалдармен толық қамтамасыз етілген. Одан бөлек, ғимарат аумағында жасанды көгалмен жабдықталған футбол алаңшасы, баскетбол, волейбол алаңшалары орналасқан.

Айта кетейік, аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен Мақтаарал ауданында жастардың спортпен шұғылдануына көптеген жағдайлар жасалуда. Бұған дейін Қ.Мұңайтпасов атындағы орталық стадионы, «Мырзакент» спорт сарайы ел игілігіне беріліп, түрлі ауылдарда 20-дан астам кіші футбол алаңшалары ашылды.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ