Skip to content
Басты бет / АЙМАҚ / Атакентте «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісі аясында бірнеше нысанның құрылысы жүргізілуде

Атакентте «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісі аясында бірнеше нысанның құрылысы жүргізілуде

107

Мақтаарал ауданының Атакент кентінде «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісін салу жобасы аясында «Мақтаарал» станциясының бірқатар инфрақұрылымдық нысандарының құрылысы жүргізілуде.

Жалпы станцияның құрылыс жұмыстарын жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Нысанның бас мердігері – «Integra Construction KZ» ЖШС, қосалқы мердігері – «TS-Smart Construction» ЖШС. Жобалау ұйымы – «KSD Engineering» ЖШС.

Қазіргі таңда станция аумағында бірнеше нысан бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары қатар жүргізілуде. Оның ішінде әскерилендірілген күзет ғимараты (ВОХР) бойынша қазаншұңқыр қазу және топырақты нығыздау жұмыстары толық аяқталған. Тұтас құйма іргетасын орнату жұмыстары да 100 пайыз орындалды. Қазіргі уақытта ғимараттың жүк көтергіш және ішкі бөлу қабырғаларын қалау жұмыстары жобалық талаптарға сәйкес жүргізілуде. Сондай-ақ, өрт сөндіру резервуары бойынша қазаншұңқыр қазу жұмыстары толық көлемде аяқталды. Ал, өрт сөндіру бекетінде жер жұмыстары мен негізді дайындау жұмыстары соңына жетті. Сонымен қатар, 4 метр тереңдікте қадаларға арналған ұңғымалар қазылып, топырағын қабаттап нығыздау жұмыстары толық орындалды. Қазіргі уақытта іргетас құю жұмыстары жүргізілуде.

ПРУ-мен вагондарға техникалық қызмет көрсету пункті (ПТО) бойынша қазаншұңқыр қазу және топырақты нығыздау жұмыстарының 50 пайызы орындалды. Қадаларға арналған ұңғымаларды қазу және негіз топырағын қабаттап нығыздау жұмыстары жалғасуда. 25 жолаушыға арналған вокзал ғимаратында қазаншұңқырды жобалық белгілерге дейін қазу жұмыстары толық аяқталған. Қазіргі таңда іргетас құю жұмыстары жүргізілуде.

Электрлік орталықтандыру бекеті (Пост ЭЦ) бойынша да құрылыс жұмыстары жоспарға сәйкес жүріп жатыр. Қазаншұңқырды жобалық деңгейге дейін қазу және іргетасты бетондау жұмыстары 100 пайыз аяқталды. Қазіргі уақытта монолитті қабырғалар мен бағандарды құю жұмыстары 80 пайызға орындалған.

«Мақтаарал» станциясындағы нысандардың құрылысы белгіленген өндірістік кестеге сәйкес кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, жұмыстардың сапасы мен жобалық талаптарға сәйкестігіне баса мән берілуде. Жобаны іске асыру нәтижесінде «Мақтаарал» станциясының тиісті теміржол және инженерлік инфрақұрылымы қалыптасып, өңірдегі көлік-логистикалық байланысты дамытуға қажетті жағдай жасалмақ.

Айта кетейік, «Дарбаза-Мақтаарал» теміржол желісі құрылысының құны 286 млрд. теңгені, ұзындығы152 км-ді құрайды. Жыл соңына дейін пайдалануға беру көзделген бұл транзит арқылы Ауғанстан, Иран, Тәжікстан және Өзбекстанға бағытталған жүктер жедел өтіп, «Сарыағаш–Ташкент» бағытының жүктемесін 2 есеге дейін төмендету көзделген.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.