Көміртегі тотығы — түсі, иісі және дәмі жоқ, адамға бірден байқала бермейтін өте қауіпті газ. Ол көбіне пеш, жылыту қазандықтары, газ құрылғылары дұрыс жұмыс істемегенде немесе отын толық жанбаған жағдайда пайда болады. Сондықтан көміртегі тотығымен улану қаупін елемеуге болмайды.
Көміртегі тотығы тыныс алу арқылы адам ағзасына түсіп, қанның оттегін тасымалдау қабілетін төмендетеді. Соның салдарынан ми, жүрек және басқа да маңызды мүшелер оттегі жетіспеушілігін сезінеді. Уланудың алғашқы белгілеріне бас ауруы, бас айналу, әлсіздік, жүрек айнуы, құсу, ентігу және ұйқышылдық жатады. Ауыр жағдайда адам есінен айырылып, өміріне қауіп төнуі мүмкін.
Уланудың алдын алу үшін жылыту маусымында пештер мен мұржалардың жарамдылығын алдын ала тексеру қажет. Газ және жылыту құрылғыларын өз бетінше жөндеуге болмайды. Бөлмені үнемі желдетіп, ұйықтар алдында жылыту құрылғыларының қауіпсіз екеніне көз жеткізген жөн. Сонымен қатар жабық гаражда автокөліктің қозғалтқышын ұзақ уақыт жұмыс істетпеу керек.
Егер көміртегі тотығымен улануға күдік болса, зардап шеккен адамды дереу таза ауаға шығарып, жедел медициналық көмек шақыру қажет. Қауіпті бөлмеге өз өміріңізге қауіп төндіріп қайта кірмеген дұрыс.
Адам өмірі — ең қымбат құндылық. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау көміртегі тотығымен уланудың алдын алып, қайғылы жағдайға жол бермеуге көмектеседі. Сондықтан жылыту құралдарын пайдалану кезінде әр адам қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауы тиіс.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов



