Киім дүкенінде жаңа киім таңдау – көпшілігіміз үшін күнделікті өмірдің бір бөлігі. Алайда сән мен әдемілік қуудың астарында денсаулыққа қауіпті жайттар жасырынуы мүмкін екенін ұмытпауымыз керек. Атап айтқанда, дүкендегі киімді киіп көру кезінде тері ауруларын жұқтыру қаупі бар екенін көп адам біле бермейді.
Киім арқылы жұғатын тері аурулары
Көптеген адам бір киімді бірнеше рет киіп көреді. Егер солардың бірі тері ауруына шалдыққан болса, оның терісінен жұқпалы бактериялар немесе саңырауқұлақтар киімнің ішкі бетіне өтуі мүмкін. Мұндай жағдайда келесі адам да ауруды жұқтыруы ықтимал. Ең жиі таралатын тері ауруларына мыналар жатады:
- Дерматомикоз (саңырауқұлақты инфекциялар) – бұл теріде, аяқта немесе қолда пайда болатын қызару, қышу, қабыршақтанумен сипатталады.
- Қышыма (чесотка) – қышыма кенесі арқылы таралатын өте жұқпалы тері ауруы.
- Қызылша немесе бөртпе дерматиттері – аллергиялық реакциялар немесе бактериялық инфекциялар нәтижесінде пайда болуы мүмкін.
- Педикулез (бит) – бас киім немесе шарф арқылы таралуы мүмкін.
Қалай сақтануға болады?
Төмендегі кеңестерді есте ұстасаңыз, қауіптің алдын ала аласыз:
- Іш киім мен купальник түрлерін киіп көрмеңіз. Бұл жеке бастың гигиенасына жат әрі жоғары қауіп төндіреді.
- Дүкен киімін киер алдында өзіңізбен бірге жұқа ішкі футболка немесе легинс алып жүріңіз. Оларды киімнің астына киіп алу – жұқпалы аурулардан қорғанудың тиімді жолы.
- Киіп көргеннен кейін қолыңызды міндетті түрде сабындап жуыңыз немесе антисептик қолданыңыз.
- Жаңа киімді сатып алғаннан кейін оны міндетті түрде жуып киіңіз. Жаңа болып көрінгенімен, ол киімді дүкенде бірнеше адам киіп көруі мүмкін.
Сауда орындарына да жауапкершілік жүктеледі
Сатушылар мен дүкен иелері де тұтынушылардың денсаулығын қорғауға атсалысуы керек. Киімді үнемі өңдеп, киіп көру бөлмелерін таза ұстау – солардың басты міндеті. Сонымен қатар, арнайы қорғаныс мата салынған ішкі киіп көру құралдарын ұсыну — мәдениетті қызметтің белгісі.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов