Конго-Қырым геморрагиялық безгегі — вирустық табиғаты бар, тамырлар жүйесін зақымдап, ішкі және сыртқы қан кетулермен сипатталатын аса қауіпті жұқпалы ауру.
Вирустың жұғу жолдары:
- Кене шағуы арқылы: Ластанған немесе вирус тасымалдаушы иксод кенесі адамды шаққан кезде;
- Контактілі жолмен: Малды кенеден тазартқанда, кенені жалаң қолмен сығып өндіргенде немесе кенені жаншып тастағанда вирус терідегі микрозақымдар арқылы ағзаға енеді;
- Медициналық немесе күтім барысында: КҚГБ-мен ауыратын науқастың қанымен немесе биологиялық сұйықтықтарымен тікелей жанасқанда.
Аурудың белгілері мен клиникалық көрінісі
Аурудың инкубациялық (жасырын) кезеңі кене шағудан кейін 1 күннен 9 күнге дейін созылады. Ауру өте кенеттен әрі қарқынды басталады:
- Бастапқы белгілер: Дене температурасының кенеттен 39–40 °C-қа дейін көтерілуі, қалтырау, қатты бас ауруы, бұлшықеттер мен буындардың (әсіресе бел мен аяқтың) сырқырап ауруы;
- Жалпы симптомдар: Жүрек айну, құсу, беттің, кеуденің, көздің қызаруы (гиперемия);
- Геморрагиялық синдром (аурудың 2–3 күні): Теріге майда қанталаған бөртулердің (петехиялар) шығуы, ине орнынан, мұрыннан, иектен, асқазан-ішектен, жатырдан немесе бүйректен қан кетудің басталуы.
Маңызды: Аурудың алғашқы белгілері байқалғанда медициналық көмекке кешігіп жүгіну немесе өз бетінше емделу қайғылы жағдайға (өлімге) әкелуі мүмкін!
Кенеден сақтану және алдын алу шаралары
Кене арқылы таралатын инфекциялардан қорғанудың ең тиімді жолы — жәндіктермен жанасуды болдырмау және жеке бастың сақтық шараларын ұстану.
1. Табиғатқа, далаға немесе мал қораға шыққанда:
- Дұрыс киім киіңіз: Денені толық жабатын, жеңі ұзын, жағасы тығыз жабылатын киім таңдаңыз. Шалбардың балағын шұлықтың ішіне, ал жеңді қолғаптың ішіне кіргізген жөн. Киімнің ақшыл түсті болғаны дұрыс, себебі ондай киімнен кенені тез байқауға болады.
- Бас киім киіңіз: Шашты орамалмен немесе кепкамен жауып, кененің басқа өтіп кетуінен сақтаныңыз.
- Арнайы спрейлерді қолданыңыз: Киімге кенелерді үркітетін репелленттерді немесе акарицидті құралдарды себіңіз (нұсқаулыққа сәйкес).
- Өзіңізді тексеріңіз: Табиғатта болған кезде әрбір 1–2 сағат сайын, ал үйге оралған соң киім мен денені (әсіресе құлақ артын, мойынды, қолтықты, шап аймағын, шаш арасын) мұқият тексеріп шығыңыз.
2. Мал шаруашылығындағы сақтық:
- Малды кенеден тазартқанда ешқашан кенені жалаң қолмен сықпаңыз және жұлмаңыз;
- Малды кенеге қарсы химиялық өңдеу (дезинсекция) кезінде арнайы корғаныш киімдерін, резеңке қолғаптарды пайдаланыңыз.
Егер кене шағып алса, не істеу керек?
- Кенені өз бетіңізбен жұлмаңыз: Кенені қолмен қатты жұлғанда оның басы немесе тумсығы терінің астында қалып, қабыну тудыруы мүмкін.
- Дереу медициналық мекемеге қаралыңыз: Тез арада жақын жердегі емханаға, ауруханаға немесе травматологиялық бекетке барыңыз. Медицина мамандары кенені арнайы құралмен сауатты алып, жараны дезинфекциялайды.
- Денсаулықты бақылау: Кене алынғаннан кейін 14 күн бойы дене температураңызды күнделікті өлшеп, денсаулық жағдайыңызды бақылаңыз. Дене қызуы көтерілсе немесе бас ауырса, дереу дәрігерге хабарлаңыз.
Жеке қауіпсіздік мен санитариялық ережелерді қатаң сақтау — сізді және отбасыңызды кене инфекцияларынан қорғаудың жалғыз жолы.
Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысы Н.Нышанов




