Сенбі, Қараша 23, 2024
14.2 C
Мырзакент
ҮйАуыл шаруашылығыҚауыннан да, қауынқұрттан да мән кетіп барады...

Қауыннан да, қауынқұрттан да мән кетіп барады…

Осыдан тура бес жарым жыл бұрын сол кездегі Түркістан облысы әкімінің тапсырмасымен Мақтаарал ауданында «Қауын-fest» деп аталған қауын-қарбыз фестивалі ұйымдастырылған-ды. Алайда, дүбірлетіп өткізген фестивальдің диқандарға тигізген пайдасы шамалы-ақ болды-ау деймін. Болса… Елімізде бір кездері қауынның отаны саналған Отырар ауданы халқының өзі қауынға ауыздары жетпей отыр. Ел арасында «Балтакөлдің қауыны» деген атпен брендке айналған қауын түрі де азайып барады. Ал, қауыннан жасалатын, дәмі тіл үйіретін қауынқақ пен қауынқұрт, қауынішек секілді ұлттық дәм түрлері тіпті азайып кетті. Бір кездері дастарқаннан түспеген қауынқақ неге азайып кетті? Дүкен сөрелері мен базарларда шетелден келетін өнімдердің қаптап кетуіне не себеп? Наурыз мейрамы қарсаңында осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Сөзіміздің басында айтқандай, бір кездері Отырар ауданы Қазақстанда қауын егу дәстүрі қалыптасқан өлкелердің бірі болған. Оның ішінде, әсіресе,  Балтакөл ауылының диқандары егетін қауын-қарбыздың орны бөлек-тін. 

– Осыдан 15 жылдай бұрын біздің ауылда қауын егетіндердің қатары қалың еді. Олардың азаюына егіске түсетін зиянкестер себеп болды. Қауынды тіліп қарасаңыз, ішінен құрт, қолқаны қабатын жаман иіс шығады. Ондай қауынды мал да  жемейді. Қауынның бүлінуі ерте көктемде басталады. Енді гүлдеп бастағанда зиянкес жәндік егіске түсіп, алқапты бүлдіріп кетеді, – дейді балтакөлдік Сәбит есімді диқан.

Қазір қауын егетіндердің қатары сиреп кетіпті. Ал, ата кәсібінен айнымауды шешкендер зиянкестермен күресті күшейткен. Күресті күшейткенде егіс алқабына себілетін химиялық дәрілердің санын көбейткен. Осыдан кейін-ақ брендке айналған «Балтакөлдің қауынынан» дәм кеткен.

– Қауын жеуден қалып барамыз деп дабылдататындай-ақ бар. Десе де, шаруалар шамасы жеткенше қауын егіп, оны өңіріміздің, еліміздің әр аймағына таратып бағуда. Бірақ, оның өзі республика тұрмақ, облыстың өзін толық қамтуға жетпейді. Ал, қауынқақ пен қауынқұртты бұрынғыдай көлемде әзірлеп жүрміз. Сұраныс көбеймесе, азайған емес. Қауынқақ пен қауынқұртты іздеп жүріп сатып әкететіндер де бар. Қауын піскеннен кейін ағаштан шартақ жасап, сатуға жарамайтын қауындарды тіліп, сонда ілеміз. Жаздың ыстығымен 4-5 күнде кеуіп қалады. Оны жинап алып, қысқа дейін сақтаймыз. Ал, егістік алқабында қатты пісіп кеткен  қауыннан қауынқұрт жасаймыз. Ол қалай жасалады? Қауынды тазалап, қазанға салып қайнатады. Оған жүгері ұнын қосамыз. Әбден піскен соң, матаға салып кептіріп қояды. Қауынқұрттың да нағыз сұранысқа ие болатын кезі – қыс мезгілі. Жұмысы көп болғандықтан бізге қауынқақ пен қауынқұрт дайындағаннан гөрі, қауын күйінде сатқан тиімді. Қатты пісіп кеткен қауынды сата алмайтын болған соң оны да кәдеге жаратуға тырысамыз, – дейді диқандар.

Есесіне, еліміздегі дүкен сөрелері мен базарларда көршілес Өзбекстаннан келіп жатқан қауынқақ  көп. Ташкенттен келетін қауынқақтың келісі 2500 теңгеден сатылып жатыр. Ал, балтакөлдік диқандар оны 1000 теңгеден сатады. Бірақ, жергілікті өнім нарықтағы сұранысты толық қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан ол кемдіктің орнын шетелдік өнімдер басып жатыр.

Айтуды ұмытып барады екенбіз, диқандардың сөзінше, қауынға түскен құрт кейінгі жылдары асқабақ, қарбыз, қиярға да түсіп жатқан көрінеді. Демек, енді бірер жылда бұл өнімдерді де жеуден қаламыз ба деген қауіп бар.

Сөзіміздің басында қауын-қарбыз фестивалі туралы тегін айтқан жоқпыз. Фестиваль, жәрмеңке секілді «дүбірлі» іс-шаралар ұйымдастырудың саладағы проблеманы шешпейтінін уақыттың өзі дәлелдеп берді. Зиянкестермен күресті проблемамен күрес деп қабылдайтын болсақ, онда ауыл шаруашылығы саласына ғылыми тұрғыда көңіл бөлген жөн. Әйтпесе,  мына түрімізбен Балтакөлдің қауыны тұрмақ, өзімізде егілетін жай қауынға да зар болып қалатын сияқтымыз ғой… 

Ерболат АЙНАБЕКОВ,

«Оңтүстік Қазақстан».

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ