Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары лауазымдарында қызмет атқарған Төребеков Бейсенбай Тасболатұлының және Ешанқұлова Алтын Күнтуқызының ротация тәртібімен басқа аудандарға ауысуына байланысты аудан әкімі аппаратында арнайы жиын өтті.
Аудан әкімі Бақыт Асанов қос бірдей орынбасарларына жемісті еңбек еткендері үшін алғысын айтып, Б.Төребековтың үстіне арнайы шапан жапты. Алайда, белгілі себептермен А.Ешанқұлова жиынға қатыса алмады.
«Бейсенбай Тасболатұлы жаңадан құрылған Мақтаарал ауданының аяққа тік тұруына, 2020 жылы болған төтенше жағдай кезінде және басқа да кризисті жағдайларда өзінің іскер екенін көрсетіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тікелей үлесін қосты. Аудандағы ең маңызды деген салаларға кураторлық жасай отырып, көптеген мәселелердің шешімін табуға түрткі болды. Ал, Алтын Күнтуқызы идеология саласына кураторлық жасай отырып, ауданның қоғамдық-саяси тұрақтылығын қамтамасыз етуде белсенді еңбек етті. Қайда жүрсеңіздер де Сіздермен жерлестеріңіз мақтана алады!» — деді, Бақыт Насырханұлы.
Жиында аудан әкімі аппаратының ұжымы басқа ауданға ауысып жатқан әріптестеріне жылы лебіздерін білдіріп, қызметтес болған жылдардағы түрлі естеліктермен бөлісті.
Айта кетейік, аталған лауазымды қызметкерлердің орнына ротация тәртібімен Шардара ауданы әкімінің орынбасары болған Шомпиев Бауыржан Қуанышбайұлы және Қазығұрт ауданы әкімінің орынбасары болған Тұрсынқұлов Серік Алтынбекұлы тағайындалды.



