Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Мақтаарал ауданына жұмыс сапары барысында Қазақстан-Өзбекстан шекарасы маңында құрылған экономикалық аймақтың инфрақұрылымдық жұмыстарымен және инвестициялық жобалармен кеңінен танысты.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары ауданданның әлеуметтік-экономикалық даму бағыттарын саралап, Қазақстан-Өзбекстан шекарасына жақын орналасқан жалпы көлемі 100 гектарды құрайтын экономикалық аймақта болды.
Экономикалық аймақтың негізгі мақсаты – өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыру, жаңа өндіріс орындарын ашу, кәсіпкерлерге қолайлы жағдай жасау және шекара маңындағы аумақтың экономикалық әлеуетін тиімді пайдалану.
Аудан әкімі Бақыт Асанов Қанат Әбдіразақұлына экономикалық аймақта жүргізіліп жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жөнінде кеңінен баяндады.
Қазіргі таңда экономикалық аймақтың толыққанды жұмыс істеуіне қажетті инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды қалыптастыруға басымдық берілген. Атап айтқанда, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін тарту, газбен жабдықтау, электр және байланыс жүйелерін жүргізу жұмыстары қолға алынған. Сондай-ақ, экономикалық аймақтың ішкі жолдарын салу, аумақты абаттандыру және жарықтандыру жұмыстары жоспарланып отыр.
Мұнда жалпы құны 104,2 млрд теңгені құрайтын 5 ірі өндірістік жобаны іске қосу көзделген. Жобалар толық қуатына шыққан жағдайда 845 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Өндірістерді іске қосу 2028 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Олардың қатарында өңірдің ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға бағытталған бірқатар маңызды жобалар бар. Атап айтқанда, «Мақтаарал Xing Feng» компаниясы мақта және мақта майын өңдеу зауытын іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жоба ауданның негізгі ауыл шаруашылығы бағыттарының бірі саналатын мақта өндірісін терең өңдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Ханья Холдинг» ЖШС тарапынан индустриялық парк құрылысы қолға алынады. Индустриялық парк жаңа өндіріс орындарын орналастыруға және кәсіпкерлер үшін өндірістік инфрақұрылымды дамытуға бағытталмақ.
«БНК ГРУП» ЖШС өндіріске қажетті броунфилд жобасын жүзеге асыруды көздеп отыр. Ал «ҚАЗ ПРО ТЕМИР» ЖШС полимерлі жабыны бар жұқа табақты мырышталған болат өндірісін іске қоспақ. Бұл жоба құрылыс және өнеркәсіп салаларына қажетті өнім түрлерін отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етуге ықпал етеді. Бұдан бөлек, «Kaz Aqua Jem» ЖШС жәндіктер протеиніне негізделген аквамәдениетке арналған экструдирленген жем өндіру зауытын салуды жоспарлаған. Аталған жоба заманауи технологияларды пайдалана отырып, жем өндірісінің жаңа бағытын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Экономикалық аймақтың Қазақстан-Өзбекстан шекарасына жақын орналасуы оның стратегиялық маңызын арттыра түседі. Бұл өз кезегінде өндірістік кооперацияны дамытуға, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге және логистикалық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануға жол ашады.
Жұмыс сапары барысында облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек экономикалық аймақтағы жұмыстардың сапасы мен белгіленген мерзімде орындалуына назар аударды. Сондай-ақ, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, инфрақұрылым тарту жұмыстарын үйлестіру және өндірістерді жоспарға сәйкес іске қосу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру қажеттігін атап өтті.














