Понедельник, 21 апреля, 2025
24.3 C
Мырзакент
ҮйАуыл шаруашылығыАудан әкімі қытайлық инвестормен кездесті

Аудан әкімі қытайлық инвестормен кездесті

Бүгінде ауданымызда ауыл шаруашылығын дамыту бағытында көптеген игі бастамалар қолға алынып жатыр. Әсіресе, суармалы егіншілікпен айналысатын өңір үшін су ресурстарын үнемді пайдалану – күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі. Сондықтан, егістік жерлерге су үнемдеу технологияларын енгізу – бүгінде өте өзекті.

Осы тұрғыда тамшылатып суғару, жаңбырлатып суғару, және ақылды суару жүйелері сияқты заманауи технологияларды қолдану – үлкен мүмкіндік. Оның үстіне мемлекетіміз су үнемдеу технологиясына кеткен шығынның 80 пайызын субсидиялап беруде. Осы мақсатта аудан әкімі Бақыт Асанов қытайлық «Бажоу Синцай Груп» компаниясының басшысы Фун Зумен кездесіп, су үндемдеу технологияларын ендіру жобаларын талқылады.

Бүгінде қытайлық компаниямен бірлесіп Еңбекші ауылдық округінде «ЖұлдызКомТорг» ЖШС-не тиесілі 100 гектар жерге мақта дақылын және «Ережепова» шаруа қожалығына тиесілі 34,86 гектар жерге күріш дақылын су үнемдеу технлогиясы арқылы егу қолға алынуда.

«Мақтаарал ауданының табиғи жағдайын, экономикалық бағыт-бағдарын ескере отырып, су үнемдеу технологияларын енгізу – уақыт талабы. Суды тиімді пайдалану арқылы біз ауыл шаруашылығын жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарта аламыз. Су үнемдеу технологиялары тек суды үнемдеп қоймайды, сонымен қатар өнім сапасын арттыруға көмектеседі. Мәселен, тамшылатып суғару арқылы мақта немесе көкөніс дақылдарына қажетті су мен тыңайтқыштар тікелей тамырға беріледі. Бұл өсімдіктің дұрыс өсуіне жағдай жасап, өнім көлемін арттырады. Сонымен қатар, топырақ эрозиясы азайып, арамшөптердің де таралуы тежеледі» – деді, Бақыт Насырханұлы.

Айта кетейік, Мақтаарал ауданында қазірдің өзінде 4895 гектар егістік алқапқа иелік ететін 89 шаруа қожалықтың жаңа технологияны пайдалануға ниетті екені анықталды. Оның ішінде 1,3 мың гектары мемлекет тарапынан берілетін субсидия алуға құжаттарын өткізген. Сонымен қатар, жыл басынан бері 2186 гектар бақша және қырыққабат дақылдарына су үнемдеу технологиясы енгізілген болса, бүгінде 129,4 гектар мақта дақылына және 35 гектар күріш дақылына жаңа технологияны енгізу жұмыстары басталды.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ