Skip to content

Бюджет комиссиясы Мақтааралды тексерді

109

Түркістан облысы мәслихатының депутаттарынан құралған бюджет бойынша тұрақты комиссия Мақтаарал ауданына жұмыс сапарымен келді.

Сапардың негізгі мақсаты – 2025 жылы жоғары тұрған бюджеттен бөлінген трансферттер есебінен жүзеге асырылып жатқан құрылыс нысандарының барысын зерделеу, қосымша қаржы бөлуді қажет ететін жобаларды қарау және ауданға инвестиция тарту бағытындағы жұмыстармен танысу болды.

Алдымен комиссия мүшелері «К-20» каналының басында болып, ағын су жүйесінің қазіргі жағдайын көрді. Тексеру барысында каналға күрделі жөндеу жүргізудің аса қажетті екендігі айтылды. Аудан әкімі Бақыт Асанов каналдың атқаратын қызметі, суармалы егіншілік үшін маңызы және бүгінде қордаланған мәселелер жөнінде кеңінен ақпарат берді.

Мұнан соң халық қалаулылары Атакент кенті мен Өркениет елді мекеніндегі ауыз су жүйелерін қайта құру жұмыстарының барысымен танысты. Аталған ауқымды жобаға 2025 жылы 2,6 млрд теңге қаржы қарастырылып, нәтижесінде су құбырлары толық жаңартылған. Алайда құрылыс жұмыстарын толық аяқтау үшін биыл облыстық бюджеттен қосымша 354,2 млн теңге қаржы қажет екені баяндалды.

Комиссия мүшелері Атакент кентінде орналасқан мақта және бақша тәжірибелік станциясының жұмысымен де танысты. Осы жерде орналасқан кіші залда аудан әкімі Бақыт Асанов жоғары тұрған бюджеттен бөлінген трансферттердің атқарылуы жөнінде есеп берді.

Аудан әкімінің мәліметінше, 2025 жылы Мақтаарал ауданының жалпы бюджеті 21,2 млрд теңгені құрап, оның 11,6 млрд теңгесі жоғары тұрған бюджеттен бөлінген трансферттер есебінен игерілген. Қаражаттың негізгі бөлігі елді мекендерді газбен және ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталған. Атап айтқанда, газдандыруға 3,4 млрд теңге, ауыз су жүйелерін жаңғыртуға 2,6 млрд теңге жұмсалған. Соның нәтижесінде бірқатар ауылдық округтерде газ желілері тартылып, Атакент кенті мен Өркениет елді мекенінде су құбырлары жаңартылды. Сонымен қатар, Мырзакенттегі орталық саябақ қайта жаңғыртылып, ел игілігіне берілді. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында мәдениет саласына да қаржы бөлініп, бірнеше ауылда 200 орындық мәдениет үйлерінің құрылысы жүргізілуде, ал Үлгілі ауылындағы мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Жол инфрақұрылымын дамытуға 538,3 млн теңге бөлініп, жалпы ұзындығы 27,1 шақырымды құрайтын 24 ішкі көше орта жөндеуден өткізілді.

Коммуналдық тұрғын үй қорын толықтыру мақсатында 1,5 млрд теңге бағытталып, әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлер сатып алынды. Бұдан бөлек, әлеуметтік сала шығындары, атаулы әлеуметтік көмек көрсету, мүгедектігі бар азаматтарды қолдау шаралары жүзеге асырылып, ауданның коммуналдық қызметтерін жақсарту үшін арнайы техникалар алынған.

Комиссия мүшелері аудан әкімінің атқарған жұмыстарына оң баға беріп, бірқатар мәселелер бойынша нақты сұрақтар қойды.

Жұмыс сапары барысында депутаттар «Мақта шаруашылығы тарихы» музейінде де болды. Музей директоры Асқар Тәжибекеев мақта шаруашылығының тарихымен таныстырып, қолда бар экспонаттардың құндылығын ескере отырып, музей ғимаратын жаңадан салу қажеттігін жеткізді. Депутаттар тарихи жәдігерлерге жоғары баға беріп, оларды кең әрі заманауи ғимаратта сақтау маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ, халық қалаулылары қайта құру жұмыстары жүргізілген «Атамекен» кеден бекетінде болып, ондағы бірқатар кемшіліктерді көрді. Бұдан бөлек, кеден бекетінің маңында орналасқан «Орта Азия» өндірістік кооперациясының (МЦПК) инфрақұрылыммен қамтылу жұмыстарының барысымен танысты.

Сапар соңында депутаттар Атакент кентіндегі №14 колледжге барып, 80 орынға арналған апатты жағдайдағы жатақхананы қарап шықты. Комиссия мүшелері студенттерге арналған жаңа жатақхана салу мәселесін қолдайтындарын жеткізді.

Айта кетейік, жұмыс сапары барысында көтерілген мәселелер мен ұсыныстар алдағы уақытта облыстық деңгейде қаралатын болады.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.