Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мақтааралдағы маңызды мәселелер мәслихат сессиясында қаралды

Мақтааралдағы маңызды мәселелер мәслихат сессиясында қаралды

60

Мырзакентте сегізінші шақырылған Мақтаарал аудандық мәслихатының кезекті қырық төртінші сессиясы өтті.

Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы, бюджет, жұмыспен қамту, әлеуметтік қолдау және қоғамдық қауіпсіздік мәселелері қаралды.

Сессияда Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асановтың өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы есебі тыңдалды.

2026 жылдың алғашқы алты айында аудан бюджетінің кіріс және шығыс бөліктері 100 пайыз орындалған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 42,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 29,2 пайызға өскен. Ауыл шаруашылығында 9,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 17 пайызды құраған. Құрылыс жұмыстарының көлемі 6,6 млрд теңгеге жетіп, 57 пайызға артқан. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 17 704 шаршы метрді құрады.

Ал аудан экономикасына жыл басынан бері 23,4 млрд теңге инвестиция тартылды.

Мәслихат депутаттары аудан әкімінің есебін мақұлдап, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды уақтылы орындау, бюджет қаражатын тиімді игеру, салық түсімдерін арттыру, елді мекендерді абаттандыру, инвестиция тарту және халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейтуді ұсынды.

Сессияда ауданның экономика және қаржы бөлімінің басшысы Шалқар Әбеновтың баяндамасы тыңдалып, депутаттардың басым бөлігінің қолдауымен 2026-2028 жылдарға арналған аудандық бюджетке өзгерістер енгізілді. 2026 жылға аудан кірістері 12 млрд 768,2 млн теңге, шығыстары 13 млрд 258,4 млн теңге көлемінде белгіленді. Бұдан бөлек, ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысы Нұрғали Елшібаевтың есебі тыңдалды. Әлеуметтік осал азаматтарды қолдау, халықты жұмыспен қамту, арнаулы әлеуметтік қызметтерді дамыту және пробация қызметінің есебіндегі азаматтарға көмек көрсету мәселелеріне назар аударылды. Сондай-ақ, халық қалаулылары тарапынан бөлім басшысына тұрғындар үшін өзекті сұрақтар қойылып, қанағаттанарлық жауаптар берілді.

Күн тәртібінде кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері де қаралды. Осыған байланысты тиісті комиссиялардың дербес құрамдары жаңартылды. Сондай-ақ, «Мақтаарал аудандық мәслихатының аппараты» мемлекеттік мекемесінің жаңа Ережесі бекітілді.

Жалпы, кезекті сессияда ауданның экономикалық әлеуетін арттыруға, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар шешімдер қабылданды.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.
↑