Skip to content
Басты бет / СЭС / Тез даярланатын тағам (фастфуд) өнімдерінің қауіпсіздігінде:нені ескеру керек?

Тез даярланатын тағам (фастфуд) өнімдерінің қауіпсіздігінде:нені ескеру керек?

6

Жаз мезгілінде ауа температурасының жоғарылауы тағам өнімдерінің тез бұзылуына және тағамнан улану қаупінің артуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі болып табылады. Соңғы уақытта суши, ролл және пицца сияқты тез дайындалатын тағамдар қоғамда кең таралып, әсіресе жастар арасында күнделікті тағамға айналып бара жатыр. Уақыт үнемдеуге қолайлы болғанымен, мұндай өнімдерді таңдауда тұтынушылардың сақ болуы маңызды.

Суши мен роллдың негізгі ерекшелігі – оның құрамында шикі жартылай шикі балық пен теңіз өнімдерінің қолданылуы. Бұл өнімдер арнайы төмен температурада сақталмаса, өте қысқа уақыт ішінде бактериялардың көбею ортасына айналады. Мысалы, Salmonella, Listeria және E.coli сияқты қауіпті бактериялар адам ағзасына түскен кезде ауыр тағамнан улану туғызады. Ал кейбір жағдайларда шикі балық арқылы паразиттік құрттар да жұғуы мүмкін, олар ішек жүйесін зақымдап, ұзақ емдеуді қажет ететін ауруларға әкеледі.

Пицца сырттай қауіпсіз тағам сияқты көрінгенімен, оның құрамындағы ет өнімдері, ірімшік және соустар дұрыс сақталмаса немесе бірнеше күн бұрын дайындалған өнімдер қайта қолданылса, ол да қауіпті болады. Әсіресе майонез негізіндегі соустар жылы жерде тез бұзылып, стафилококк бактериясының көбеюіне себеп болады. Мұндай бактериялар ағзаға түскенде тез әсер ететін улану белгілерін туғызады: жүрек айну, тоқтаусыз құсу, іш өту және дене қызуының көтерілуі.

Ең алдымен, тағам өнімдерінің қауіпсіздігі шикізаттан басталады, сондықтан тек ветеринариялық-санитариялық құжаттары толық, шығу тегі анық және сапасы расталған өнімдерді ғана қабылдау және пайдалану міндетті болып табылады. Шикі балық, ет, сүт өнімдері мен соустардың жарамдылық мерзімі мен сақтау шарттары тұрақты бақылауда болуы тиіс, себебі сапасыз немесе мерзімі өткен өнімдер тағамнан уланудың негізгі көзіне айналады. Дайын тағамдардың ашық күйде ұзақ уақыт тұруы немесе өнімдердің сыртқы келбетінің өзгеруі олардың сапасына күмән келтіруге негіз болады. Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жаз айларында қоғамдық тамақтану орындарынан тағам сатып алу кезінде сақтық шараларын күшейту қажеттігін ескертеді. Себебі ауа температурасының жоғары болуы тағам құрамындағы микроорганизмдердің жылдам көбеюіне қолайлы жағдай туғызады. Нәтижесінде өнімнің сыртқы түрі өзгермесе де, оның құрамында адам денсаулығына қауіпті бактериялар мен олардың токсиндері жиналады.

Тағам қауіпсіздігі – қоғамдық денсаулықты қорғаудың маңызды бөлігі. Әрбір азамат сатып алатын өнімнің сапасына жауапкершілікпен қарап, қауіпсіздік талаптарын ескерген жағдайда тағамнан улану және басқа да жағымсыз жағдайлардың алдын алуға болады. Денсаулық – ең басты құндылық, ал қауіпсіз тағам – оны сақтаудың негізгі кепілі.

Түркістан облысының санитариялық-эпидемиологиялық

бақылау департаменті басшысының орынбасары А.Искаков

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.