Қазіргі кезде әлемдегі су ресурстарының тапшылығы ауыл шаруашылығына зор ықпал етіп отыр. Су қорының жетіспеушілігі, климаттық өзгерістер мен экологиялық мәселелер ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру жолдарын іздеуді талап етеді. Осы орайда тамшылатып суғару технологиясы ең тиімді әрі үнемді әдістердің бірі ретінде айқындалып отыр. Бұл технология ауыл шаруашылығының дамуына ғана емес, су ресурстарын үнемді пайдалануға да көмектеседі.
Тамшылатып суғару жүйесі жердің бетіне немесе түбіне су тамшыларын жеткізіп, өсімдіктердің тамырларына тікелей әсер етеді. Бұл әдіс су шығынын барынша азайтып, топырақтың ылғалдылығын тиімді сақтауға мүмкіндік береді. Көптеген елдерде, әсіресе ыстық климатты аймақтарда, тамшылатып суғару технологиясы ауыл шаруашылығының өнімділігін арттырып, су ресурстарын үнемдеуге септігін тигізуде.
Мақтаарал ауданы сияқты су тапшылығы сезілетін аймақтарда тамшылатып суғару жүйесін енгізу өте маңызды. Мұндай әдіс жергілікті шаруаларға суды тек қажет мөлшерде пайдалануға мүмкіндік береді, бұл әсіресе су қорының шектеулі болған жағдайда үлкен пайда әкеледі. Сонымен қатар, тамшылатып суғару жүйесі егіннің өсуіне және дамуына оң әсерін тигізіп, өнімділікті арттыруға ықпал етеді. Бұл шаруалардың еңбек өнімділігін жақсартып, ауыл шаруашылығындағы экономикалық көрсеткіштерді оңтайландырады.
Әрине, тамшылатып суғару технологиясын енгізу барысында белгілі бір қиындықтар мен шығындар болуы мүмкін. Мысалы, жүйенің бастапқы орнату құны жоғары болуы мүмкін, ал шаруалар жаңа технологияға бейімделу үшін арнайы білім мен дағдыларды қажет етеді. Сондықтан, осы технологияны кеңінен қолдану үшін мемлекеттік қолдау, субсидиялар мен оқу бағдарламаларын іске асыру өте маңызды.
ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында суды үнемдейтін озық технологияларды жыл сайын 150 мың гектар алқапқа қолдану туралы тапсырма берген. Осы мақсатта мемлекет тамшылатып суғару технологиясын іске асырған шаруаларға кеткен шығынның 80%-ын субсидиялап беруді қолға алды. Күні кеше Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов ауданның шаруа қожалық басшыларымен кездесу өткізіп, жаңа технологияны пайдалану жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Ауданда 60 629 гектар суғармалы жер 8819 шаруа қожалықтарына тиесілі. Қазіргі таңда егістік алқаптардың сорлануы белең алғаны да жасырын емес. Мақтаадан алатын өнім көлемі де көңіл көншітпейді. Одан бөлек, оның бағасы кеткен шығынды ақтамай жатады. Сондықтан, жаңа технологияны шұғыл түрде аудан шаруалары қолға алып, мемлекеттің көмегін пайдаланғаны жөн. Жиын барысында тамшылатып суғару технологиясының пайдалы тұстары мен оған кететін шығын көлемдері туралы кеңінен ақпарат берілді.
Қорыта айтқанда, тамшылатып суғару технологиясын енгізу – ауыл шаруашылығында өнімділікті арттыру мен су ресурстарын үнемдеудің тиімді жолы. Мақтаарал ауданы сияқты су тапшылығы мәселесі бар өңірлерде бұл әдістің қолданылуы маңызды қадам болып табылады.







