Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Сарыағаш-Дарбаза-Мақтаарал» бағытындағы темір жол құрылысын жүргізу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды жауапты сала басшыларының қатысуымен мәжіліс өткізді.
Жергілікті әкімдік тарапынан теміржолдың жүретін жері белгіленіп, жерді рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Осыған сәйкес тиісті аудан әкімдерінің баяндамалары тыңдалды. Жұмыстарды ширату бойынша нақты тапсырмалар жүктелді.
Түркістан облысында ұзындығы 152 шақырым болатын Дарбаза – Мақтаарал жаңа теміржол желісінің құрылысы былтыр қарашада басталды. Оның аясында қазақ-өзбек мемлекеттік шекарасы арқылы жаңа өткізу пункті ашылады. Бұл теміржол торабы бойынша жүк ағынын болашақта 20-25 млн тоннаға дейін артуы мүмкін.
Маңызды жоба Түркістан облысын республиканың магистральдық теміржол желісіне қосу арқылы оның дамуына үлес қоспақ. Жоба Сарыағаш стансасындағы кептелістерді азайтып, Өзбекстанға экспорттық жүк тасымалдауды арттырады.
Жаңа теміржол желісін салу қолданыстағы Сарыағаш – Ташкент учаскесінен жүктерді жаңа тармаққа қайта бағдарлауға, «Сарыағаш» станциясының жүктемесін азайтуға және жалпы Өзбекстан бағытында экспорттық тасымал көлемін арттыруға жол ашады. Өз бұл бағыт республикалық теміржол желісіне қосылып қана қоймай, Түркістан облысын кесіп өтетіндіктен, осы өңірдің дамуына оң ықпал етпек.