Сәрсенбі, Қазан 23, 2024
13 C
Мырзакент
ҮйЖАҢАЛЫҚТАР"Өзбекстан-Қазақстан" IV өңіраралық форумында Түркістан облысы 68,2 миллион АҚШ доллары көлеміндегі келісімге...

«Өзбекстан-Қазақстан» IV өңіраралық форумында Түркістан облысы 68,2 миллион АҚШ доллары көлеміндегі келісімге қол жеткізді

Самарқанд қаласында өтіп жатқан «Өзбекстан – Қазақстан» IV өңіраралық форумына Түркістан облысының делегациясы да қатысып, маңызды келіссөздер жүргізді. Іскерлік форум шеңберінде құны 352 млн. АҚШ долларынан асатын 76 құжатқа қол қойылса, соның 68,2 млн. АҚШ доллары көлеміндегі келісімдер Түркістан өңіріне тиесілі.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды экономикалық және бауырластық байланыстардың маңызына тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жалғасатынын жеткізді.

– Өзбекстан біз үшін бауырлас мемлекет. Бізді ортақ тарихымыз, тілдеріміз бен мәдениетіміз байланыстырады. Түркістан облысының Өзбекстан Республикасымен тауар айналымы 2023 жылы 421,9 млн. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорт 253,2 млн. АҚШ доллары болса, импорт 168,7 млн. АҚШ долларына жеткен. Екі мемлекеттің басшыларының кездесуіндегі келісімге сәйкес, Түркістан өңірінде тоқыма кластерін құру, ірі қара малдың етін өңдеу, жібек кластерін құру бағытында жұмыс жүруде. Өңірде «Қазақстан-Өзбекстан» жібек кластерін құруды ұсынамыз. «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығын іске асыру бағытында біздің тарапымыздан инвестор анықталып, құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Сіздерді облысымыздың инвестициялық алаңдарында бірлескен жобаларды іске асыруға шақырамыз. Ауыл шаруашылығында теріні, көкөністерді, жемістер мен сүт өнімдерін өңдеу, мақта кластерін дамытуғ туризм саласында әріптестікті нығайтуды ұсынамыз. Бауырлас аймақтар арасында мәдени іс-шаралар өткізу де маңызды. Бұл шаралар екі елдің рухани-мәдени байланыстарын нығайтып, тәжірибе алмасуға оң әсер ететініне сенімдімін, – деді Дархан Сатыбалды.

Форумда Дархан Сатыбалды Ташкент және Самарқанд облыстарының басшыларымен түрлі салалар бойынша әріптестік орнату жөніндегі келісімге қол қойды. Енді сауда-экономикалық, мәдени-ғылыми, гуманитарлық байланыстар бұдан сайын нығая түспек.

Сонымен бірге форум аясында екі мемлекеттің кәсіпкерлері мен осы салаға жауапты мекеме басшыларының кездесулері өтті. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров Сырдария, Бұхара, Наманган облыстары әкімдерінің орынбасарларымен әріптестік жөніндегі келісімдерге қол қойды.

Өзбекстан мен Қазақстан кәсіпкерлері түрлі форматта кездесулер өткізіп, келіссөздер жүргізді. Түркістан облысының кәсіпкерлері балық шаруашылығы, ауыл шаруашылығы, мақта шаруашылығы, туризм, таамышатып суару, білім салалары бойынша жалпы 68,2 млн. АҚШ доллары көлеміндегі келісімдерге қол жеткізді.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ