Сенбі, Желтоқсан 14, 2024
10.7 C
Мырзакент
ҮйАуыл шаруашылығыЕкіжақты келісімдер жасалды

Екіжақты келісімдер жасалды

Жақында Астанада Өзбекстан Республикасының президенті Шавхат Мирзиеевтің Қазақстанға ресми іссапары аясында «Қазақстан–Өзбекстан» бизнес-форумы өткен болатын. Форумда көршілес елдің әлеуетті кәсіпкерлерімен екіжақты келісімдер жасалып, сауда байланысын жандандыру мәселелері талқыланғанды. Аталмыш форумға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров баяндама жасап, екі ел арасындағы экономикалық байланысты дамытуға серпін беретін алаңшалар ұсынды. 

– Түркістан облысы – республикамызда Өзбекстанмен шекаралас орналасқан, экономикасы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Инвестициялық және туристік потенциалы өте жоғары. Өзбекстан мен Түркістан облысы арасында сауда қатынасы жақсы дамыған. Өткен жылы тауар айналымы 422 млн. АҚШ долларын құрады. Атап айтқанда, экспорт көлемі 253 млн. АҚШ доллары, импорт 169 млн. АҚШ доллары деңгейінде қалыптасты. Екі ел ынтымақтастығы аясында Түркістан облысы Ташкент, Хорезм, Ферғана, Жызақ, Сырдария және Самарқан облыстарымен меморандумдарға қол қойды. Түркістан облысы құрылғаннан бастап экономикаға 4,3 трлн. теңге инвестиция тартылып, 200-ден астам жоба іске қосылды. Қосымша 1,7 трлн. теңгеге 8 818 жаңа жұмыс орны ашылатын ТОП-20 ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Екі елдің туризм саласын дамытуға барлық мүмкіндік бар. Екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жоғарыда аталған алаңшаларда агроөнеркәсіптік кешені, тоқыма және жібек кластері, тамақ және машина өндірісі, қайта өңдеу өнеркәсібі, сондай-ақ жаңартылған энергия көздері мен туризм салалары бойынша бірлескен жобаларды іске асыруға шақырамын, – деді облыс әкімінің орынбасары. 

Облыста сауда, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және тағы басқа салаларда Өзбекстан капиталының қатысуымен 40-қа жуық компания жұмыс істейді. Бірнеше маңызды жобалар іске асырылуда. Атап айтқанда, «Global Textile» ЖШС Мақтаарал ауданында тоқыма кластерін құру, «Meat Magnat» АӨК Сайрам ауданында мал бордақылау алаңын салу, «Qazaq Zhibek» қауымдастығы жібек кластерін құру жобаларын қолға алған. Қазіргі таңда облыс аумағында 297 000 түп тұт ағашының көшеттері егілді. Жобаларды іске асыру өз кезегінде облыс экономикасына 65 млн. АҚШ доллары көлемінде шетелдік инвестиция тартып, 2 050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Түркістан облысында стратегиялық және экономикалық тұрғыдан аса маңызды, екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланысты дамытуға мүмкіндік беретін «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіптік кооперация орталығы» құрылуда. Түркістан қаласы аумағында 30 гектар алқапта шағын өнеркәсіптік парк салынуда. Парктің ерекшелігі, кәсіпкерлерге дайын өндірістік ғимараттар ұсынылады. Бүгінгі таңда жобаның І кезеңі аяқталып, 14 ғимарат іске қосылды. Қосымша ІІ және ІІІ кезеңдерінің құрылысы басталды. Бұдан бөлек «TURAN» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Мұнда қатысушылар салықтан босатылады, кедендік жеңілдіктерге ие болады және инфрақұрылымы бар жер телімдерін қоса алғанда, оларға ерекше құқықтық режим ұсынылады.

Форум барысында Түркістан өңірінің атынан облыс әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров пен «Узтекстиль-пром» қауымдастығының төрағасы Мирмухсин Сұлтанов өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұдан бөлек «Qazaq Zhibek» қауымдастығы Өзбекстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Жібек және жүн өнеркәсібін дамыту комитеті Жібек кластерін дамыту жобасын бірлесіп жүзеге асыру бойынша 2024-2029 жылдарға инвестициялық келісімшарт жасасты. Ал, «Юпитер-М» ЖШС мен «Самарқан ирригация жүйесі» ЖШС арасында дәнді дақылдарды өсіруге арналған суды үнемдейтін (жаңбырлатып суару технологиясы) технологиялар мен суспензияларды енгізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.

ҰҚСАС МАҚАЛАЛАР

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз

ЕҢ ТАНЫМАЛ