Skip to content
Басты бет / Әлеумет / Мырзакентте заңсыз құрылыстар мен көлеңкелі кәсіпкерлікке қарсы рейдтік іс-шара өтті

Мырзакентте заңсыз құрылыстар мен көлеңкелі кәсіпкерлікке қарсы рейдтік іс-шара өтті

105

Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбековтың бастамасымен Мырзакент кентінде өз бетінше салынған нысандарды анықтау және кәсіпкерлік қызметтің заң талаптарына сәйкестігін бақылау мақсатында арнайы рейдтік іс-шара ұйымдастырылды.

Аталған рейдке кент әкімі, кірістер басқармасы, төтенше жағдайлар қызметі, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау саласының мамандары мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – рұқсатсыз салынған кәсіпкерлік нысандарды, заңсыз орнатылған жарнамаларды, салықтан жалтарып жүрген кәсіпкерлерді анықтау, сондай-ақ кәсіпкерлер арасында санитарлық талаптар мен өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу болды.

Рейд барысында аудан әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков Мырзакент кентіндегі орталық С.Қожанов көшесінің бойын жаяу аралап, ретсіз тұрғызылған құрылыс нысандарының жай-күйімен танысты. Сонымен қатар, қызыл сызық аумағында орналасқан сауда дүңгіршектерінің сыртқы келбеті, санитарлық тазалық деңгейі мен өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы зерделенді.

Тексеру нәтижесінде бірқатар заңбұзушылықтар анықталып, кәсіпкерлерге заң талаптарын сақтау бойынша нақты ескертулер берілді. Қайталанған құқықбұзушылықтарға жол берген кәсіпкерлерге әкімшілік шаралар қолданылып, айыппұл салынды. Сондай-ақ, сауда орындарының иелеріне нысандардың сыртқы көрінісін ретке келтіру, аумақтың санитарлық тазалығын сақтау, салықтық түсімдерді арттыру және заң аясында жұмыс жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді.

Аудан әкімінің орынбасары Бижан Шералыұлы өз сөзінде аудан аумағында кәсіпкерлікті дамытуға қолдау көрсетілетінін, алайда барлық кәсіпкерлік нысандар заң талаптарына толық сәйкес болуы керектігін атап өтті.

«Біз кәсіпкерліктің дамуына еш кедергі келтірмейміз. Дегенмен, әрбір нысан заң шеңберінде жұмыс істеп, санитарлық және қауіпсіздік талаптарын сақтауы тиіс. Халыққа қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – біздің басты міндетіміз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасады» – деді, Бижан Анарбеков.

Айта кетейік, аудан аумағындағы ретсіз құрылыс пен көлеңкелі кәсіпкерліктің алдын алуға бағытталған мұндай рейдтік шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасып, бақылауда болады.

Добавить комментарий

Для отправки комментария вам необходимо авторизоваться.