Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Бижан Анарбеков бастаған топ Атакент өз бетінше салынған нысандарды анықтау мақсатында арнайы рейдтік іс-шара өткізді.
Рейдтің басты мақсаты – өз бетінше салынған кәсіпкерлік нысандарды, рұқсатсыз қойылған жарнамаларды, салықтан жалтарып жатқан кәсіпкерлерді анықтау және оларға санитарлық және өрт қауіпсіздігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу.
Негізгі басымдық – ретсіздікке жол бермеу, халыққа қолайлы ортаны қалыптастыру және тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету болды.
4 шақырымдық жолды жаяу жүріп өткен Бижан Анарбеков республикалық маңызы бар «Ташкент» көшесінің бойындағы ретсіз тұрғызылған құрылыс нысандарының, қызыл сызықта орналасқан сауда дүңгіршектерінің сыртқы қасбетінің, сондай-ақ санитарлық тазалық пен өрт қауіпсіздігіне қатысты өзекті мәселелерді қарап шықты.
Іс-шара барысында кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, бірқатар заңбұзушылықтар бойынша нақты шешімдер қабылданды. Әкім орынбасары тұрғындар мен кәсіпкерлерге талаптарды түсіндіріп, көлеңкелі бизнеспен күреске барлық тараптың бірлесіп үлес қосуы керектігін айтты.
Рейд нәтижесінде бірнеше кәсіпкерге ескерту жасалып, қайталанған заңбұзушылықтар бойынша айыппұлдар салынды. Сауда орындарының иелеріне нысандардың сыртқы көрінісін ретке келтіру, салықтық түсімдерді көбейту бойынша нақты тапсырмалар берілді.
«Біз кәсіпкерліктің дамуына еш кедергі келтірмейміз, бірақ бәрі заң шеңберінде және санитарлық талаптарға сай болуы шарт. Халыққа қолайлы орта қалыптастыру – басты міндетіміз», – деді, Бижан Шералыұлы.
Айта кетейік, аудан әкімінің орынбасары тарапынан мұндай рейдтік шаралар аладғы уақытта да жалғасын тауып, аталған мәселелер бақылауда болады.



























